Кәсіподақ өкілдері қайырымдылық көмек көрсетті

«Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлаған екен асқақ ақынымыз Мұқағали Мақатаев. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шақ екені рас. Алайда, «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» балалар үйінің тәрбиеленушілері тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүргені шамалы. Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтыны рас.

«Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар көбеюде, оларға кімнің жаны ашып, кім жәрдемдеседі, кім қамқор болып, кім назарға алуда. Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес. Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөздеріне қарамастан бұл мәселенің күрделеніп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аудару мақсатында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «Асыл жүрек» қайырымдылық қорымен бірлесіп, демеушілер мен серіктестердің қолдауымен отбасы үлгісіндегі балалар үйінің бүлдіршіндерімен ашық аспан астында кездесіп жүздесті.

Мемлекет басшысының пәрменімен 2022 жыл – «Балалар жылы» болып жариялануына байланысты мұндай шығармашылық кездесулердің маңызы ерекше. Іс-шарада АКБ қызметкерлері балалар үйінің тәрбиеленушілерімен етене жақын танысып, олардың ой түкпіріндегі асқақ армандары мен өмірлік мақсаттары жайында әңгіме жүргізіп мейірімге бөленді.

Ашық пікір алмасу алаңында сөз сөйлеген «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бауыржан Әлтеев кәсіподақтың бүгінгі қоғамдағы алар рөлі мен атқаратын қызметіне кеңінен тоқталып, болашақ маман атануға ниетті мемлекет қамқорлығындағы жасөспірімдерге өмірден өз орындарын табу жолында дұрыс бағыт-бағдар берді. Одан бөлек, тәрбиеленушілер өздерінің түйткілді, өзекті мәселелерін ортаға салып, кәсіподақ өкілдерінен қажетті ақпараттарын алды.

Сонымен қатар, басқосуда бүлдіршіндерге жергілікті Полиция подполковнигі – Нұржан Жақсылықов пен Полиция капитаны – Марат Нұрланұлы құқықтық сауаттылық жөнінде ақпараттық лекция оқып берді. Шарада балалар волонтерлік қызмет түрлерімен танысып, мекеменің ауласына 50-ге жуық жеміс ағашы көшеттерін және басқа да көшеттің түрлерін келген қонақтармен бірге отырғызды.

Аталмыш шарада жетім балаларға демеушілер тарапынан арнайы алынған сыйлықтар тапсырылып, түскі ас берілді. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге қызықты ойын-сауық бағдарламалар ұсынылды.

«Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, қиналғанға қамқоршы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынған ұйымдастырушыларға барлық ұстаздар мен қызметкерлердің алғысы шексіз.

Айта кетейік, «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» жетімдер үйінде 4 жастан 18 жасқа дейінгі 51 жасөспірім 7 отбасылық жағдайда тәрбиеленуде. Араларында тұл жетімдері де бар. Мұнда әр түрлі ұлт өкілдерінің балалары бар. Бүлдіршіндерге үйдегідей барлық жағдай жасалған.

Ұстаздар жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар қиын тағдырларына қарамастан, өте мейірімді әрі болашаққа сеніммен қарайтындарын атап өтті.