28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының техникалық инспекторлары арасында «Қауіпсіз еңбек ету – әрбір адамның міндеті» тақырыбында байқау ұйымдастырылып, «Үздік техникалық инспектор» анықталды. Байқауға 9 инспектор қатысып, өз білімдері мен біліктілігін ортаға салды. Байқау нәтижесінде химиялық сараптама зертханасының техникалық инспекторы Гүлнұр Еркіналина үздік атанды.
Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбекті қорғау күніне орай сәуір айы қауіпсіздік айлығы болып бекітілген болатын. Осы айлық аясында әрбір цех ұжымдары қауіпсіздікке байланысты іс-шаралар өткізіп, бір кісідей атсалысып жатыр. Аталмыш зауытта қазіргі таңда білімі мен біліктілігін игерген, өздерінің іскерлігінің арқасында өндірісте еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында аянбай еңбек етіп жүрген 33 техникалық инспектор бар.
Қауіпсіздік айлығы барысында цех ұжымдары арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осындай шаралардың бірі техникалық инспекторлар арасында «Үздік техникалық инспектор» байқауы өткізілді. Байқауға 9 техникалық инспекторлар қатысты. Олар «Разминка», «Емтихан», «Лидерлік жарысу», «Медициналық көмек көрсету» сияқты 4 этап бойынша өз білімдерін ортаға салды. Аталмыш зауыттың медицинамен қамтамасыз ету жөніндегі координаторы Қайдар Базарбаев, өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі инженері Қайрат Жумагазин, бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Сапарғали Мұқашов және кәсіподақ ұйымының еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігінің координаторы Бейбіт Нуртаев төрағалық етті.
Барлық инспекторлар білімі мен біліктілігін, өздерінің іскерлігін, еңбекті қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргізуге қабілетті екендіктерін сайыс барысында көрсетті. Арнайы билет сұрақтарына нақты әрі айқын жауап беріп, арнайы құрал-саймандармен тапсырманы толықтырған практикалық бөлімі нағыз мықтыларды анықтады. Тест сұрақтары 10 балдық жүйе бойынша бағаланды. Кейбір қатысушылардың жауаптары жартылай болғандықтан, әділқазылар алқасы толықтырулар жасап, алдағы уақытта ескере жүру керек екендігін тілге тиек етті.
–Қауіпсіз еңбек – ортақ міндет. 4200 адам еңбек ететін өндіріс орнында еңбек қауіпсіздігін, заңнамасын, ережелерін қатаң сақтау шаралары әрдайым басты назарда. Ал техникалық инспекторлардың бүгінгі байқауы олардың өндірістегі еңбектеріне берілген баға деп білемін, – дейді ҚайратЖумагазин.
–Барлық зауыттықтарды әрдайым қауіпсіз еңбек етуге шақырамын. Компания игілігі үшін жасап жатқан еңбектеріңіз табысты әрі жемісті болсын. Осындай байқаулар біздерге қауіпсіз еңбек етуге бағыт-бағдар береді. Жүлделі орынға қол жеткізгеніме қуаныштымын. Өзім жақында ғана техникалық инспектор болып бекітілген едім, – деп өз ойымен бөлісті химиялық сараптама зертханасының техникалық инспекторы Гүлнұр Еркіналина.