Гендерлік теңдік – лайықты еңбектің негізі

ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссия мүшелері «Қазақстандағы гендерлік саясат» онлайн-семинарына қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ҚРКФ Гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру және еңбек саласындағы гендерлік теңдік қағидаларын алға бастыру аясында ұйымдастырды.

Отырысты ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары, еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Гүлнара Жұмагелдиева денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін қоса алғанда, адам дамуының барлық салаларында әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан гендерлік теңдік мәселелерінің өзектілігін атап өтті.

«ҚРКФ 2020-2025 жылдарға арналған қызметінің стратегиясында теңгерімді гендерлік саясат жүргізу, заңнаманы жетілдіру үдерісіне белсенді қатысу, осы салаға халықаралық стандарттарды енгізу міндеттері қойылған. Өткен жылы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңестің отырысында еңбек саласында гендерлік теңдікті алға бастырудың негізгі міндеттері белгіленген Гендерлік саясат тұжырымдамасын қабылдады», – деді Гүлнара Жұмагелдиева.

Оның айтуынша, ҚРКФ комиссиясы қызметінің өзекті бағыттарының бірі жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықты жою болып табылады.

«ХЕҰ және БҰҰ Әйелдер құрылымымен бірге біз ХЕҰ №190 Конвенциясын ратификациялауды алға бастырудамыз және Комиссияның барлық мүшелерін осы науқанға қосылуға шақырамыз», – деді Гүлнара Жұмагелдиева.

Сонымен қатар, ерлер мен әйелдер арасындағы еңбекке ақы төлеудегі  гендерлік айырмашылықты азайту мәселесі маңызды бағыттардың бірі болып табылады.

Гүлнара Жұмагелдиева атап өткендей, бүгінгі таңда еңбекке ақы төлеудегі  гендерлік айырмашылық жоғары – 32% деңгейінде қалып отыр.

Бұл ретте еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссия әйелдер еңбегін пайдалану шектелген жұмыс орындарының тізбесін жою туралы жаңа нормалардың іс жүзінде қолданылуына мониторинг жүргізеді.

Гендерлік теңдік мәселелері бойынша тәуелсіз кеңесші Әлия Ілиясова Қазақстандағы гендерлік теңдік туралы қысқаша шолу жасады.

Ол гендерлік теңдікті жариялайтын негізгі халықаралық құжаттар туралы айтты.

Сарапшының айтуынша, 2020 жылы Қазақстан Гендерлік теңсіздік индексі (0,190) бойынша 162 елдің тізімінде 44-орында болды.

Оның айтуынша, экономикалық гендерлік теңдіктің негізі жұмыспен қамту және жұмыссыздық көрсеткіштерімен анықталатын еңбек нарығындағы ерлер мен әйелдердің орны болып табылады.

«Әйелдердің жұмыс күшіндегі өкілдігі ерлерге қарағанда 4 пайызға аз. 2020 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасында әйелдер 45,4 пайызды құрады. Жалдамалы жұмыскерлер арасында әйелдердің үлесі 49 пайызды құрады», – деді Әлия Ілиясова.

Ол, сондай-ақ, Қазақстанда кәсіп пен қызмет түрлері аясында жалақы теңсіздігі әлі де сақталып отырғанын атап өтті.

Оның басты себебі – әйелдер негізінен «дәстүрлі» жалақысы төмен салаларда жұмыс істейді. Бұл ретте ерлер негізінен өнеркәсіп, көлік және құрылыс салаларында жұмыс істейді, олардың жалақысы орташа республикалық көрсеткіштен жоғары.

«Әйелдер кеңселік және әкімшілік жұмыстарға бейім деп есептейтін гендерлік кәсіптік стереотиптер әйелдердің мансап таңдауына әсер етуде», – деді сарапшы.

Жалпы, оның айтуынша, Қазақстанда гендерлік кемсітушіліктің орташа деңгейі байқалады.

Мансаптық өсудегі кедергілер мен әйелдердің басшылық қызметте аз қамтылуы сияқты мәселелер айтылды.

«Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, ірі корпорациялардың тек 9,8%-ында әйелдер жоғары басшылық лауазымдарда жұмыс істейді. Әлемдегі ең ірі компанияларда әйелдер жалпы жұмыскерлер санының шамамен 41%-ын құраса, тек 19%-ы ғана жоғары басшылық қызметтерді, ал басқармадағы лауазымдардың 12%-ын қамтиды», – деді Әлия Ілиясова.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен жұмыс орнында қысым көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Әлия Ілиясова ХЕҰ-ның «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымшылықты жою туралы» №190 конвенциясын ратификациялау мәселесін алға бастыруда Кәсіподақтар федерациясының еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссиясының қосқан үлесі зор екенін атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда жыныстық қысымшылыққа заң жүзінде тыйым салынған жоқ. Бұл шара жұмыс орнындағы гендерлік теңдікті қолдауда шешуші рөл атқаруы мүмкін», – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ, сарапшы мемлекеттік басқару жүйесіне гендерлік бюджеттеуді енгізудің шетелдік тәжірибесімен таныстырды.

Талқылау барысында Әлия Ілиясова қатысушылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау және жұмыспен қамту саласында әйелдерге кепілдік беру мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап берді.

Семинар қорытындысы бойынша Комиссия мүшелері бұл отырыс гендерлік мәселелерді шешуде білім мен дағдыларды арттыруға және жұмыс істейтін әйелдердің құқықтарын кеңейтуге мүмкіндік берді деген пікір білдірді.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы