Кәсіподақ ұйымы жастарға қолдау көрсетті

Шымкент қаласында талантты жастардың шығармашылығын қолдап, өнерін насихаттап, тағылымды тәрбиесін үлгі ету мақсатында №99 мектеп-гимназиясының оқушысы  Ұлбосын Намазбайдың “Жүрегіммен жеткізе алсам” атты алғашқы өлеңдер жинағының тұсау кесер шығармашылық кеші өтті. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнара Барпиева мен мектеп ұстаздары Ұлбосынды шығармашылығымен құттықтап, мектеп атынан гүл шоқтары мен арнайы жасатылған сыйлықтарын табыстады.


Шығармашылық кешке кітаптың алғы сөзін жазып Ұлбосынның шығармашылығына қолдау көрсетіп жүрген мемлекеттік қоғам қайраткері, Республикалық жазушылар одағының мүшесі Әкім Ысқақ бастаған бірнеше жыр саңлақтары, ел ағалары мен ақын апалар қатысты. Кеш қонақтары құттықтау сөз сөйлеп, өз сый сияпаттарын табыстады. Мектеп оқушылары би билеп, ән шырқап, күй тартып, Ұлбосынның шығармашылығынан өлеңдер жатқа оқыды. Кітаптың алғашқы бауын шешу рәсімін Әкім аға бастаған ел ағалары жүргізіп, Ұлбосынның алғашқы өлеңдер жинағы оқырмандарына жол тартты.