Ақтөбеде әлеуметтік-еңбек қатынастары талқыланды

Өңірдің әлеуметтік-еңбек саласында жүргізілген мониторинг жағдайдың тұрақтылығын көрсетті. Бұл туралы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысында комиссияның тең төрағасы, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев баяндады. Отырыс облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өтті.


Қазіргі уақытта мемлекеттік еңбек инспекторлары облыстық прокуратурамен бірлесіп, өңірдің 7 кәсіпорнында еңбек заңнамасы нормаларын сақтауы тұрғысынан тексеру жүргізуде. Олар – «Восток нефть и СО» ЖШС, «Ұлы қабырға» ҚҚБК» ЖШС, «МНСК «СИНОПЭК» ЖШС филиалы, «КНИСГ» ЕК ЖШС, «М-Техсервис» ЖШС, «СНПС-АМГ» АҚ, «АММК» ЖШС. Бүгінгі таңда кейбір кәсіпорындар бойынша тексерулер әлі аяқталған жоқ. Анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.

Отырыс барысында өңірдегі ірі мұнай және мұнай-сервистік компаниялар басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері бірқатар ұсыныстар енгізіп, облыс әкімі нақты тапсырмалар берді.

“Еңбек дауларының туындауына жол бермеу үшін жұмыс берушілермен кәсіподақ орталығы тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы А.Әмірғалиев.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыс әкімдігі мен мүдделі мемлекеттік органдардың және кәсіподақтардың бірлескен жұмысының нәтижесінде облыстың 100-ге жуық кәсіпорнында жалақыны 10-нан 50%-ға дейін арттыру жүзеге асырылды. Еңбек жанжалдарының алдын алу және оларға жол бермеу жөніндегі жүйелі шаралар ретінде өңірдің әлеуметтік-еңбек саласының күнделікті мониторингін жүзеге асыру, жұмысшылар кірістерінің өсу серпінін талдау, облыстың ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою жөніндегі жұмыс жалғастырылуда.

Жалпы облыс кәсіпорындарындағы жағдай тұрақты бақылауда.