Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік диалог» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысы барысында әлеуметтік әріптестер еңбек жағдайында қайғылы оқиғалардың орын алмауы бағытында қабылдануы қажет шараларды талқылады. Жиын Халықаралық Еңбек Ұйымы бастамасымен 28 сәуірде аталып өтетін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, өндірісте қаза тапқан және жарақаттанған, кәсіптік аурулардан зардап шеккендерді еске алу мақсатындағы шаралар аясында өткізілді. Дөңгелек үстелге облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Т.Жолымбетов, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Б.Стамқұлов, Қызылорда облысының полиция департаменті өкілі Б.Байтиков, Қызылорда облысының санитариялық -эпидемиялогиялық бақылау департаменті өкілі Г.Қазиева, әлеуметтік әріптестер, облыстағы ірі-орта кәсіпорын басшылары, облыс кәсіподақтары қатысты. «Бүгінгі дөңгелек үстел басында еңбек жағдайында қайғылы жағдайлардың орын алмауы бағытында қандай шаралар қабылдау қажет деген мәселені талқылайтын боламыз. Өткен жылы 1467 қазақстандық жұмыскерлер еңбек жағдайында түрлі жарақаттар алған, жазатайым жағдайларда 200 адам қайтыс болған» деген әлеуметтік диалог алаңының модераторы, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаевпен бірге әріптестер жұмыста жүріп қаза болған қазақстандық жұмыскерлерді 1 сәт үнсіздікпен еске алды.
Қызылорда облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысы Т.Жолымбетов жиында облыс аумағындағы кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жайы туралы баяндады. Жүргізіліп жатқан кешенді шараларға қарамастан, аймақта өткен 2021 жылы еңбек қызметімен байланысты 42 жазатайым жағдай орын алған, одан 61 адам зардап шегіп, оның ішінде 14 жұмыскер қаза болған. Басқарма басшысы облыстағы кәсіпорындарда «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету, «Халықтық бақылау» жобасы бойынша ақпараттық насихаттау жұмыстары жайы туралы айтты. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Б.Стамқұлов әрбір кәсіпорынның өз қызметінде Қазақстан Республикасы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнамаларды, еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ережелер талаптарын қатаң ұстануы маңыздылығына тоқталды. Ақпараттарда жыл сайын еңбек жағдайында орын алып жататын жазатайым оқиғалардың ішінде жол көлік оқиғаларының жиі кездесетіндігін тілге тиек еткен модератор сөзді келесіде Қызылорда облысының полиция департаменті Жергілікті Полиция қызметі басқармасы өкілі Б.Байтиковке берді. Жол көлік оқиғаларының алдын алу шаралары бойынша ақпарат берген полиция өкілі вахталық жұмыскерлердің тасымалындағы компаниялардың қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттілігін алға тартты. Пікір алмасу алаңыңда «ҚуатАмлонМұнай» серіктестігі кәсіподақ ұйымының төрағасы А.Әбдреев вахталық қалашықтарға жол тартқан көліктердің жол қозғалысына техникалық дайындығын тексерудің жүргізілуі туралы ұсынысын жеткізді. Дөңгелек үстел жұмысы барысында «Петро Казахстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы Т. Ізтлеуов, «СКЗ-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы Д.Шардарбеков кәсіпорындағы еңбек қорғау меселелерінің жолға қойылуы туралы тәжірибелік ақпараттарымен бөлісті. Салалық кәсіподақтармен үздік техникалық инспектор болып танылған Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектебінің техникалық инспекторы, жас маман Н.Ярынюк өз сөзінде әлеуметтік әріптестік шеңберінде мектеп басшылығымен бірлесе атқарған жұмыстар барысы туралы әңгімелеп, бірқатар ұсынымдарын да білдірді. Дөңгелек үстелдің қорытындысымен, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі барлық кәсіподақ мүшелерінің, барша жұмыскерлердің еңбегін қорғауда, жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі мәселесін басты назарда ұстауда күш біріктіруге, жауапкершілікті арттыруға Үндеу жасады.
Үндеуде еңбекті қорғаудың оң мәдениетін қалыптастыру үшін әлеуметтік диалог пен мүдделі тараптардың осы бағытқа бірігуі маңыздылығы айтылып, кәсіподақтар облыс көлеміндегі кәсіпорындар мен ұйымдардарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын қабылдауға шақырды.