Еңбекті қорғауға – ерекше көзқарас

Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай облыстық әкімдік пен Атырау облысы Кәәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен шара өтті. Оған кәсіподақ ардагерлері, сала белсенділері, өңірдегі әлеуметтік әріптес кәсіпорын, мекеме басшылары, еңбек қорғау инспекторлары қатысты.

Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен дүние жүзі бойынша жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтеді.

Залға жиналған көпшілікке ЛЭД экран арқылы облыстағы мекеме, кәсіпорындардың қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жұмыстарын баяндайтын бейнеролик көрсетіледі.

Жиынға қатысып, сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың төрағасы Әлібек Нәутиев жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Ол елімізде зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын түбегейлі қысқарту, өндірістік жарақаттануды азайту, ондағы жазатайым оқиғаларды болдырмаудың қазіргі заманғы жүйелерін дамыту, өндірісте еңбекті қорғау мәдениетінің оң позициясын қалыптастыырудың маңыздылығы мен басты міндеттерді тілге тиек етті. Өндірісте қауіпсіздік пен еңбекті қорғау қағидалары талаптарының қатаң сақталуына белсенділік танытып жүрген қызметкерлердің бір тобына облыс әкімі мен мәслихаттың Алғыс хаттарын табыс етті.

​Атаулы күнге орай Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық маслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов сөйлеп, игі бастамалардың ұйтқысы болып, әлеуметтік қатынастарды қалыптастыруға, тиімді әріптестік орнатуға елеулі үлес қосып жүрген кәсіподақ белсенділерін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Еңбек озаты», «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен, «Кәсіподақ ардагері» медалімен және Құрмет грамотасымен марапаттады.

Сондай-ақ, шарада әлеуметтік сала үздіктеріне облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкеров марапаттар табыс етті.


​Еңбек адамдарының құрметіне кәсіподақ белсенділері мен Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония әртістерінің концерттік бағдарламасы ұсынылды.