Еңбек қауіпсіздігі – өнімді әрі сенімді жұмыс кепілі

«28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне» орай Шымкент мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының «Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» КММ-нің қызметкерлерімен еңбек қатынастары тақырыбында кездесу өтті.


Жиынға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Руслан Ақжігітов, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, мекеме басшысы Айпар Амангелдиева мен мекеме қызметкерлері қатысты. Кездесуде сөз алған Руслан Ақжігітов кәсіподақ мүшелеріне 1919 жылы құрылған Халықаралық еңбек ұйымының қызметі жайлы ақпарат беріп, осы ұйыммен 1976 жылы қабылданған «Қауіпсіздікті жоғарылату, денсаулық пен еңбек жағдайларын қорғау бағдарламасы» жайында айтып өтті. Бұл бағдарлама жұмыс орнында денсаулықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қорғау, жұмыс уақыты, еңбекті ұйымдастыру және оның мазмұны, технология мен қызмет көрсетуді таңдау сиақты аспектілерді қамтиды.

Бүгінгі күні елімізде Халықаралық еңбек ұйымының бірқатар ковенциялары ратификацияланғаны туралы айтылып, соның ішінде 87-ші Конвенцияның мақсаты жайлы сөз қозғалды. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары кәсіподақ тарапынан өңіріміздегі жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарының барысы жайлы да айтып өтті. Сөз соңында ол қатысушыларды «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнімен» құттықтап, кәсіподақ жұмысындағы ең негізгі бағыты – еңбек адамының құқын қорғау екенін, кәсіподақтар жұмыс орнындағы еңбек заңдылықтары мен қауіпсіздіктің сақталуын, өзекті мәселелердің оң бағытта шешілуін қамтамасыз етумен қатар, өзге де еңбекке қатысты түйткілді жағдайларды басты назарда ұстайтынын жеткізді.

Басқосуда Серік Әуесханов атқарылған жұмыстары жайлы баяндама жасап, қазіргі таңда еңбек орындарында қауіпсіздік шараларының сақталуы, еңбек тәртібін сақтау, жұмыс берушімен қызметкер арасындағы еңбек қатынасы мен жазатайым оқиғалар жайлы ақпарат берді. Қатысушылар спикерлерге ұсыныстарын айтып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, қажетті мағлұматтар алды. Кәсіподақ мүшелерімен жиында көтерілген мәселелер мен ұсыныс-пікірлер назарға алынып, алдағы уақытта кәсіподақ тарапынан тиісті шаралар жүргізілетін болады.