«Каустик» АҚ кәсіпорнында «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» Энергетика жүйесі қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының құрамына кіретін «Каустик» АҚ және «УПНК-ПВ» ЖШС келісім комиссиясының мүшелерімен кездесу өтті.
Кездесуге Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Д.Айтжанова, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» энергожүйесі қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Б.Төлеубаев, Павлодар қалалық сотының судьялары В.Шевченко, Ж.Алишева, А.Тәліпова, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасы филиалының басшысы М.Иванова қатысты.
Кездесу аясында Павлодар қалалық сотының судьялары еңбек даулары бойынша азаматтық істерді қарау барысымен таныстырып, жергілікті жерлерде орын алған еңбек заңнамасын бұзу істеріне талдау жасап, еңбек дауларын уақтылы шешудегі бітімгершілік комиссиясының рөлі, дауласушы тараптарды татуластыру үшін азаматтық сот ісін жүргізу мәселелерін шешу туралы айтты, «Еңбек дауларының алдын алу», «Сотқа дейін, сотта татуласу», «Отбасылық сот» пилоттық жобаларының орындалу барысымен таныстырды.
Татуластыру орталығының басшысы М.Иванова еңбек дауларын медиация рәсімі арқылы бейбіт жолмен шешуге шақырды. Ол кәсіподақтардың татуластыру орталығы алаңында жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында жасалған еңбек даулары бойынша медиация туралы келісімдердің мысалдарын келтірді.
«Келісім комиссиясы жұмысының сапасы мен деңгейі келісім комиссиясы мүшелерінің алған біліміне байланысты, олар жылына кемінде 1 рет оқудан өтуге міндетті. Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі келісім комиссияларының құрамын үш жыл бойы сертификаттар берумен тұрақты түрде оқытып отырады. Біз жыл сайын келісім комиссияларының 2000-нан астам мүшесін оқытамыз», – деп атап өтті Д.Айтжанова.
Кездесуге қатысушылар келісім комиссиясы мүшелерінен келіп түскен сұрақтарға жауап берді, қолданыстағы еңбек заңнамасының жекелеген ережелерін түсіндірді.