Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай Жезқазған қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы “Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор” байқауын қорытындылап, үздіктерді марапаттады.
– Еңбекті қорғау – кәсіподаққа жүктелген жауапкершілігі зор міндеттердің бір бағыты. Қазіргі таңда мысты өлкедегі барлық мектеп пен балабақшаларда еңбек қауіпсіздігінің сақталуын назардан тыс қалдырмайтын техникалық инспекторлар сайланған. Бүгінде олар өзінің негізгі қызметімен қатар кәсіподақ жұмысын абыроймен атқаруда. Сол үшін Сіздерге ризашылығымды білгіргім келеді, – деп жиынды өз құттықтауымен ашқан төрайым Ляззат Кунедилова Жезқазған қалалық білім бөлімінің басшысы Женис Алмаганбетовпен бірге марапаттауды бастап кетті.
Техникалық инспекторлардың байқауына қатысуға биыл бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан барлығы 37 өтінім түсіпті. Олардың жұмысын бірнеше саты бойынша бағалаған қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде №1 мектеп ЖББМ бұйырды. Динара Мырзабекованың әріптестерінің өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметінде бір мін жоқ. Жүлделі І орынды №9 мектеп-интернаттың инспекторы Ғайни Баймұратова жеңіп алса, күміс жүлде – Талап ауылындағы №14 орта мектептің намысын қорғаған Марат Әубәкіровтің еншісінде. №2 Кеңгір жалпы білім беретін орта мектебінің инспекторы Меруерт Абенова жүлделі ІІІ орыннан табылды.
Жиын соңында ұрпақ тәрбиесімен айналысып келе жатқан педагогтардың ел болашағы үшін атқарған қызметтері мен сіңірген еңбектеріне лайықты құрмет көрсету мақсатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы тарапынан тағайындалған “Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін” белгісі мен Құрмет грамоталары салтанатты түрде табысталды.