ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысының мектебі» білім беру курсының аясында ҚР Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына және кәсіподақ белсенділеріне арналған кезекті семинар өтті.
Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясының негізгі аспектілерімен танысты, оны ҚРКФ ӘЭК және ӘӘ комитетінің төрағасы Сәруар Кенжеболат ұсынды.
Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясын құрудың жарғылық мақсаты – мүше ұйымдардың кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін білдіру және қорғау жөніндегі іс-әрекеттерін біріктіру және үйлестіру, сондай-ақ кәсіподақтардың қызметіне құқықтық кепілдіктер қамтамасыз етуге жәрдемдесу болып табылады.
Баяндамашы еліміздің әлеуметтік-еңбек саласындағы бүгінгі ахуалына да тоқталды. Сәруар Кенжеболат атап өткендей, кәсіподақ қозғалысына қатысы жоқ азаматтардың көпшілігінің кәсіподақ қызметі туралы түсініктері шамалы.
«Қазақстанда кәсіподақтардың үш республикалық бірлестігі бар. 2019 жылдың үшінші тоқсанында кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 2 967 мың адамды немесе жалдамалы жұмыскерлер санының 44,5 пайызын құрады. Қазақстан еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы 28 халықаралық конвенцияны, оның ішінде Халықаралық еңбек ұйымының 24 конвенциясын ратификациялады. 2020 жылғы еңбеккерлердің құқықтарын сақтау жаһандық индексінде Қазақстан төртінші жыл қатарынан еңбек адамдары үшін ең нашар он елдің тізімінде болды», – деді ҚРКФ ӘЭК және ӘӘ комитетінің төрағасы.
Ол әлеуметтік-еңбек қатынастары саласын реттейтін заңнамаға жеке тоқталды.
«Кәсіптік одақтар туралы» Заң кәсіподақтар қызметінің негізгі қағидаттарын және құқықтық кепілдіктерін белгілейді. Еңбек кодексіне сәйкес жұмыскерлерге құқықтық кепілдіктер мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету кәсіподақтар, жұмыс берушілер және мемлекет арасындағы әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Әлеуметтік әріптестік шешімін табуға бағытталған міндеттер, әдетте, әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерімен шектеледі, бұл кәсіподақтардың мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатты қалыптастыруға және іске асыруға ықпал ету мүмкіндіктерін тарылтады. Федерация мен оған мүше ұйымдардың қатысуымен кәсіподақтардың қызметі, еңбек қатынастары, көші-қон процестерін реттеу, өндірістік және экологиялық қауіпсіздік және т.б. мәселелер бойынша заңнамаға түзетулер қабылданды», – деді Сәруар Кенжеболат.
ҚРКФ қызметі туралы айта келіп, ол Федерация құрамына 235 жергілікті кәсіподақ пен 17,5 мың бастауыш ұйымды біріктіретін 17 АКБ және 23 салалық кәсіподақ кіретінін айтты. Сонымен қатар, салалық кәсіподақтардың 381 филиалы мен 42 өкілдігі бар.
«2020 жылдың басында Федерация құрылымына кіретін кәсіподақ мүшелерінің саны 1 726 мың адамды құрады, бұл 2015 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 11%-ға немесе 219 мыңға аз. 15 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарында төрағалар негізгі жұмысынан босатылмаған», – деп баса айтты спикер.
Кездесу барысында қатысушылар бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыру жұмыстарының мәселелерін де талқылады. Бұл тақырыпты ҚРКФ ӘЭК және ӘӘ комитетінің бас сарапшысы Марат Имаш баяндады.
БКҰ қызметінің негізгі бағыттарының қатарына әлеуметтік-құқықтық қызмет, әлеуметтік әріптестік, еңбекті қорғау, қоғамдық бақылау функциясын жүзеге асыру, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру іс-шараларын өткізу және бос уақытын ұйымдастыру бойынша жұмыстар, ардагерлермен, жастармен жұмыс және т.б. атады.
Ол өз сөзінде қатысушыларды кәсіподақ комитетін құру тәртібі, оның функциялары мен өкілеттіктері туралы хабардар етті.
«Кәсіподақ комитеті кәсіподақтар құрылымындағы ең алғашқы ұяшық ретінде кәсіподақ конференциялары арасындағы кезеңде кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымының жұмысын ұйымдастырады. Кәсіподақ комитеті еңбек ұжымының атынан жұмыс берушімен жұмыскерлердің мүдделерін білдіруге байланысты мәселелердің барлық кешені бойынша келіссөздер жүргізеді. Кәсіподақ комитеті еңбек заңнамасының сақталуына, өндірістік санитария, қауіпсіздік және еңбекті қорғау нормаларының сақталуына бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсетеді, қаражаттың жұмсалуын бақылайды және кәсіподақ жарналарын жинауға жауапты, кәсіподақ комитетінің тұрақты жұмыс істейтін уақытша комиссияларының құқықтары мен міндеттерін анықтайды», – деді Марат Имаш.
Іс-шараның қорытындысында тыңдаушылар семинардың ақпараттық мазмұнын және талқыланған мәселелердің практикалық құндылығын атап өтті.
Еске салайық, Кәсіподақтар федерациясының жаңа білім беру жобасы ағымдағы жылдың 27 сәуірінде басталған болатын. Кәсіподақ көшбасшысын оқыту курсы 3 айға немесе 36 академиялық сағатқа есептелген, ол жұмыс жоспарына сәйкес аптасына 2 рет өткізіледі.
Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, жастар кеңестерінің мүшелері және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының барлық салаларының мүше ұйымдарының кәсіподақ белсенділері кезең-кезеңімен оқытылатын болады.
Мектеп лекторлары ретінде жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда көп жылдық практикалық тәжірибесі бар беделді кәсіподақ қайраткерлері болып табылады.
Оқу курсының соңында тыңдаушыларға Кәсіподақ көшбасшысының мектебін аяқтағаны туралы сертификаттар беріледі.
Кәсіподақтар федерациясы 2021 жылы кәсіподақ білімінің деңгейін арттыру аясында кәсіподақтық білім берудің кең ауқымын айқындайтын кәсіподақ қызметкерлері мен белсенділерінің әртүрлі санаттары үшін оқыту семинарларының бағдарламаларының тереңдетілген курстарын әзірледі. 2021 жылы 38 044 кәсіподақ мүшелерінің қатысуымен 619 оқыту семинары өткізілді. Кәсіподақ білім беру марафоны аясында еліміздің 17 аймағы мен 18 салалық кәсіподақ ұйымын қамтитын 89 оқу семинары өткізілді, оған кәсіподақ қозғалысының 10250 өкілі қатысты.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы