Еділ Ұзақбай: “Ата Заңымызға енгізілетін бастамалар – азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызды қадамдар”

Атырау облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Еділ Ұзақбай:

Ата Заңымыз қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм қағидаттарымен толықтырылуда. Адамның еңбек бостандығына деген құқығының қосымша кепілдіктері енгізіліп жатыр.

Әсіресе, жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халық меншігінде болатындығы – әділеттікке бағытталған қоғамдық-саяси маңызы бар қадам. Парламент пен мәслихаттардың рөлі артылады, Үкіметтің өкілеттіктері кеңейтіледі – бұл жаңа конституциялық институт заманның ерекше қауіп-қатерлерін жеңу үшін билік тармақтарының бірлесіп жұмыс жасауды талап етеді.

Ең бастысы – елімізде азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға, құқықтық, материалдық, ұйымдастырушылық және басқа да кепілдіктерді кеңейтуге, құқық қорғау институттарын нығайтуға ұдайы назар аударылуда.

Бұл бастамалар әділетті және құқықтық мемлекет құрудағы, тежемелік және тепе-теңдік жүйесін нығайтудағы, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудағы маңызды қадам болмақ.