«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атқару комитетінің кезекті кеңейтілген мәжілісі Құрманғазы ауданында өтті.
Қонақтар алдымен ауданның орталығындағы данышпан ақын Абай есімін иеленген мектеп алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Содан кейін акт залында 4000-нан аса кәсіподақ мүшелерінің басын біріктірген 64 бастауыш ұйым көшбасшылары қатысқан Атқару комитетінің мәжілісін облыстық салалық ұйымның төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қысқаша сөз сөйлеп ашты.
Күн тәртібіндегі «Құрманғазы аудандық комитеті филиалында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды ұйымдастыру және іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықты іске асыру бойынша жұмыс мәртебесі туралы» тақырыбында аудандық комитет филиал төрағасы Әуез Изжанов баяндама жасады. Төраға өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарына түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, арыз шағымдардың алдын алу мақсатында әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісім мен ұжымдық шартта көзделген міндеттемелердің орындалуы және іс-қағаздарды номенклатураға сәйкес жүргізілуі туралы кеңінен сөз етті. Бұл мәселені талқылауға Атқару комитетінің мүшелері Юля Айбосынова, Аққали Ахмет және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева, Гагарин атындағы және Еңбекші орта мектептері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары Гүлайым Қуанбаева, Сарсенбай Қадырғалиевтар сөз сөйлеп, бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, басқосуда облыстық ұйымның бас есепшісі Алтын Тюякпаева республиканың сауықтыру орындарынан келген жолдамаларды бөлу туралы қысқаша баяндады.
Атқару комитеті мәжілісінде «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы бір топ кәсіподақ мүшелеріне республикалық салалық ұйым төрайымы Айгүл Мұқашеваның атынан «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін, Құрмет граматосын, облыстық ұйымның Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Мәжілісте күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қаулылар қабылданып, кейін жеке қабылдаулар ұйымдастырылды.