kaz.tengrinews.kz: “Референдум туралы Президент шешімі – Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің басталуы”

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА отырысында Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынған болатын. Қоғамда бұл бастама жан-жақты талқыланып жатыр. Tengrinews.kz тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовпен сөйлесіп, референдум өткізу туралы пікірін сұрады.

Төлеген Күнәділовтің айтуынша, республикалық референдум өткізу – әр қазақстандық үшін маңызды қадам.

“Мемлекеттің негізгі заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу – әрбір қазақстандыққа әсер ететін тағдырлы оқиға. Қазір Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум өткізу туралы бастамасын қолдау қажет”, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Ол референдум өткізу жаңа кезеңге өтудің бастамасы екенін жеткізді.

“Мемлекет басшысының референдум туралы шешімі егемен Қазақстан дамуының жаңа кезеңінің басталғанын айғақтайды, әрбір қазақстандық еліміздің тағдыры үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. “Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің” басты қағидаты халықпен кері байланыстың тиімді арналарын құру, азаматтардың пікіріне қалтқысыз қарау болып табылады және біз осы маңызды саяси қадам қоғамның мемлекеттік билікке деген сенімін нығайтуға жаңа серпін беретініне сенімдіміз”, – деді Төлеген Күнәділов.

Оның пікірінше, ел азаматтары Жаңа Қазақстанды бірге құру идеясын құптайды.

“Азаматтық қоғам өкілдері мен ел азаматтары демократияны дамытуға, қоғамның мемлекет саясатын басқаруға қатысуына және оның қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге бейімделуіне бағдарланған Жаңа Қазақстанды құруды қолдайды”, – деді Төлеген Күнәділов.

Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов Президент үндеуін кәсіподақ мүшелеріне насихаттап, бастаманы толық қолдайтындарын айтты.

“Алдағы референдумның сапасы, ашықтығы мен әділдігі – Қазақстанның одан әрі тұрақты және табысты әлеуметтік-саяси дамуының кепілі. ҚР Кәсіподақтар федерациясының референдумды өткізу жөніндегі бастамасы мен үндеуін толық қолдаймыз, бұл үндеуді белсенді түрде кәсіподақ мүшелеріне насихаттаймыз”, – деді ол.

Еске салайық, 29 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынған болатын. Сонымен қатар, Қазақстанда референдум қалай өткізілетіні айтылды. Ал денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова қазақстандықтар 5 маусымда өтетін референдумда дауыс беру үшін Ashyq қолданбасын қайта пайдалануы мүмкін екенін жеткізді.

https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/referendum-turalyi-prezident-sheshm-kazakstan-damuyinyin-337758/