Халықаралық мейірбикелер күніне орай Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының «Кең Жылыой» мәдениет үйінде «Мейірбике ісінде білім, ғылым және практиканың үштұғырлы жобасын іске асыру жөніндегі жол картасы» тақырыбында облыстық конференция өтті.
Оған қала мен барлық аудандардан халыққа адал қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандар – үздік мейірбикелер мен кәсіподақ белсенділері, денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары қатысты. «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Жылыой ауданының әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш шараға қатысушы делегаттар алдымен мәдениет үйінің фойесіне қойылған емдеу мекемелерінің бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейтін фотокөрме мен бейнекөрсетілімді тамашалады.
Конференция жұмысын «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова ашып, жүргізіп отырды. Алғаш болып сөзін алған аудан әкімі Халел Жамалов мейірбикелерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, конференция жұмысына сәттіліктер тіледі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Садуова медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырудағы орта буын медицина қызметкерлерінің рөліне тоқталды. Бүгінде өңірде адам өмірі үшін күрестің алдыңғы шебінде 5,2 мыңдай мейірбике күн-түн демей қызмет етуде. Әсіресе, жаһанды жайлаған пандемия індеті кезінде өмір мен өлім арасында жатқан жандарға дәрігерлік көмек көрсетудегі ерлікке пара-пар тынымсыз еңбектерін халық та көрді.
Конференцияда сөйлеген Атырау жоғары медициналық колледжінің директоры Лаура Құбаева орта буын медицина қызметкерлерін даярлау, олардың мәртебесі мен рөлін арттыру, міндеттерін кеңейту, мейірбике ісі бойынша академиялық және қолданбалы бакалавриаттың біріктірілген бағдарламалары бойынша қолға алынып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Облыстық конференция делегаттарын алыс-жақын шетелдердегі емдеу мекемелерінің тәжірибесін үйрену арқылы өзімізде емдеу-сауықтыру ісінің жаңашыл әдіс-тәсілдерін енгізу, мейірбикелер рөлін көтеру жайы көбірек қызықтырды. Жуырда ғана Түркиядан кәсіби біліктілігін көтеріп қайтқан атыраулық әріптестерінің атынан сөйлеген облыстық балалар ауруханасының бас мейірбикесі Марта Закарина түсірілген бейнеролик арқылы «Эмсей» госпиталында сырқаттарды емдеп, сауықтырудың заманауи әдістер мен мейірбикелердің жұмысын ұйымдастырудағы жаңашылдықты әсерлі әңгімелеп берді.
Шарада сондай-ақ, Қазақстанның отбасылық дәрігерлері қауымдастығы облыстық филиалының директоры Мейрімхан Нұрманова, республикалық «Парыз» орта буын медицина қызметкерлері қауымдастығының облыстағы өкілі Сәлима Сағынәлиева және басқалар сөйлеп, құнды ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Мейірбике жұмысы – ауыр міндет. Аурухана төсегіне таңылған науқастың дертіне дауа табу үшін тер төгетін де солар. Әсіресе, скринингтік бағдарламалардың барлығын дерлік мейіргерлер жүзеге асыруда. Мерекелік шарада жауапты істің үдесінен шыға білген мамандар құрметке бөленді. Конференцияның ресми бөлімінен соң емдеу мекемелерінде өз міндеттерін атқарудағы жемісті еңбегі үшін сала үздіктерінің бір тобы Атырау облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың және ауданның Алғыс хаттарымен марапатталды. Озат 20 мейірбике мен кәсіподақ белсендісіне салалық кәсіптік одақтың Алғыс хаты мен 50 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
Атырау жоғары медициналық колледжінің директоры Лаура Құбаева «Қазақстан медициналық колледждері одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Медициналық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін», осы оқу орнының оқытушысы Әлия Лепесова «Медбикелік істі дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.
Жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қатысушылардың зор ризашылық сезімін тудырған конференцияда мұнайлы мекен – кең Жылыойдың өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мереке иелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұнан соң конференция делегаттары мен қонақтары Жылыой аудандық емханасында болып, халыққа медициналық қызмет көрсетудегі озық тәжірибесімен, емдеу ісіндегі жаңашылдықтарымен танысты.