qaz.infozakon.kz: “ХЕҰ аймақтық конференциясы: Орталық Азия елдерінің кәсіподақ орталықтары дағдарыс салдарын жеңілдетуге арналған бірлескен іс-шараларды талқылады”

Орталық Азия кәсіподақтары Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен Орталық Азия кәсіподақтарының «Инклюзивтілік, орнықтылық  және өміршеңдік – дағдарыстың салдарын жеңілдетуге арналған кәсіподақтар саясаты» екі күндік аймақтық конференциясы аясында пандемиядан кейінгі кезеңде әлеуметтік-еңбек саласын тұрақтандыру іс-шараларын талқылауда.

Конференцияны Халықаралық еңбек ұйымы (International Labour Organization, ILO) Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен халықаралық диалогты дамыту, пікір алмасу және COVID-19 індетінің кесірінен келген экономикалық дағдарыстан шығуға қатысты түрлі елдердің кәсіподақтары тәжірибесін алмасуы мақсатында бірлесіп ұйымдастырды.

Қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өткен жылдың маусым айында Халықаралық еңбек конференциясы бүкіл адамзаттың өміріне ықпал еткен COVID-19 дағдарысынан қалпына келтіру үшін Жаһандық іс-әрекеттерге үндеу қабылдағанын еске салды.

«Халықаралық кәсіподақ қозғалысының бір бөлігі ретінде  Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы ХЕҰ жариялаған инклюзивтілікті, орнықтылық пен өміршеңдікті қамтамасыз ететін экономикалық дағдарысты еңсеру және оның салдарын жеңілдету саясатын қолдады», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасының айтуынша, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестермен пандемиядан кейінгі кезеңде әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдайды қалыпқа келтіру бойынша алдағы іс-шараларды тепе-теңдік негізде талқылауды дамытуда.

Бұл ретте ол Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының қолдауының маңыздылығын атап өтті.

«Федерация халықаралық стандарттар мен нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге бағытталған ХЕҰ-ның аса маңызды конвенцияларын Қазақстан Республикасының ратификациялауына бастамашылық ету үдерісін жалғастыруда, біз кәсіподақтардың республикалық бірлестіктерімен бірлесе Бас келісімге ХЕҰ-ның 20 конвенциясын ратификациялау мәселесін енгізуге қол жеткіздік», – деді ҚРКФ төрағасы.

Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде ол шетелдік әріптестерін 2022 жылы әріптестермен екіжақты және көпжақты байланыстарды өзектендіру, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық дағдарысты еңсеру үшін ортақ ұстанымды әзірлеу бойынша бірлескен іс-әрекеттерге шақырды.

Бұл ретте Сатыбалды Дәулеталин ХЕҰ-мен бірлесіп конференцияға қатысушы елдерде әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытудың жүйелі тәсілін әзірлеуді ұсынды.

Конференцияның бірлескен ұйымдастырушысы, ACTRAV/ХЕҰ Еңбеккерлер қызметі бюросының директоры Мария Хелена Андре пандемиядан кейінгі кезеңде тиімді шараларды бірлесіп қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

Ол, сондай-ақ, кәсіподақтар халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға, жұмыссыздық мәселелерін шешуге, жұмыс орындарын сақтауға және жалпы еңбекші бұқараның, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтары мен мүдделерін тиімді қорғау үшін кәсіподақтар мүшелігін кеңейтуге баса назар аудара отырып, дағдарысты еңсеру қадамдарына бастамашылық жасау керектігін атап өтті.

«Бүгінгі таңда біз азаматтардың тұрақсыз еңбек жағдайларын реттеуге барлық күшімізді жұмылдыруымыз керек. Біздің міндеттерімізге жұмыссыздық, еңбек саласындағы әйелдердің, оқуға мүмкіндігі жоқ жастардың құқықтарын бұзу мәселелерін шешу кіреді», – деді Мария Хелена Андре.

Өз кезегінде ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас дағдарысты еңсеруде әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі кәсіподақтардың толық құқылы рөлін ерекше атап өтті.

Халықаралық сарапшы ХЕҰ дағдарысқа қарсы саясаты мен ұсынымдарымен таныстырды және ХЕҰ-ның адамға бағытталған COVID-19 дағдарысын еңсеру жөніндегі жаһандық іс-әрекетке үндеуін ұсынды.

Оның айтуынша, Халықаралық еңбек ұйымына мүше 187 мемлекеттің үкіметтері, жұмыскерлер және жұмыс берушілер ұйымдары ХЕҰ мүше елдердің халыққа бағытталған қалпына келтіру стратегияларын қолдау үшін батыл және келісілген жаһандық іс-шараларды өткізуге міндеттенді.

«Жалақыны көтеру, жұмыс орындарын сақтау және жұмыскерлерді қорғау сияқты мәселелерді әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары еңбек консультациялары негізінде бірлесіп шешуі керек. Осы орайда еңбеккерлердің басты өкілдері ретінде кәсіподақтардың шешуші рөлін ерекше атап өткім келеді», – деді Сергеюс Гловацкас.

Сонымен бірге, ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бюросының еңбеккерлер жөніндегі аға маманы Гоча Александрия кәсіподақтар COVID-19 тудырған дағдарысты еңсеру қағидаттарын ілгерілетуі керектігін атап өтті.

«Өңірдегі әлеуметтік әріптестіктің әртүрлі даму деңгейіне қарамастан, кәсіподақтар еңбеккерлер мүддесі үшін прогрессивті өзгерістердің тасымалдаушысы болып қалуы керек. Ешкім де артта қалмауы керек және кәсіподақтардың көпжақты диалог арқылы проблемалық мәселелерді шешуге арналған көптеген құралдары бар. Адамға бағытталған жаһандық іс-әрекетке үндеудің мәні де осында», – деді спикер.

Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтары делегацияларының басшылары пандемияның өз мемлекеттерінің әлеуметтік-еңбек саласына салдарлары туралы айтты.

Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының төрағасы Маликшо Нематзода Орталық Азия елдеріндегі еңбеккерлерді әлеуметтік қорғауға қатысты өзекті мәселелерді талқылауға бағытталған аймақтық конференцияның маңыздылығын атап өтті.

«Күрделі кезеңдерге қарамастан, біз тұңғыш рет бірыңғай аймақтық құрылым – Орталық Азия кәсіподақтары кеңесін ұйымдастыра алдық. Бірлескен күш-жігермен біз лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілетуге және елдеріміз халқының әл-ауқатын арттыруға ниеттіміз. Біздің міндетіміз – Халықаралық еңбек ұйымымен және аймақтық әріптестерімізбен бірлесіп, Орталық Азия елдерінің азаматтарына пандемиядан кейінгі дағдарыстан ең аз шығынмен шығуға мүмкіндік беретін бастамаларды әзірлеу», – деді Маликшо Нематзода.

Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясының дағдарысты еңсерудегі іс-әрекеттері туралы делегация басшысы – Қырғызстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Рысгүл Бабаева баяндады.

Оның айтуынша, пандемия дағдарысынан кейінгі кезең бюджет тапшылығы, жоғары жұмыссыздық, төмен жалақы жағдайында Қырғызстан азаматтары үшін күрделі сынаққа айналды.

«Қырғызстан үшін теріс экономикалық салдарларды азайту мақсатында елдің кәсіподақтары Қырғыз Республикасының 2026 жылға дейінгі ұлттық даму бағдарламасын, сыртқы күйзелістердің салдарын барынша азайту жөніндегі бірінші кезектегі шаралар жоспарын әзірлеуге қатысты», – деп атап өтті Рысгүл Бабаева.

Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Яркун Файзуллаев шағын кәсіпкерлік субъектілерін мүлік және жер салығынан босату, олардан сомаларды есептен шығару, балалы отбасылар  жеңілдіктер алушылардың санын кеңейту түріндегі халықты қолдау шаралары қабылданғанын атап өтті, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 60-тан астам кәсіптегі азаматтар табыс салығын төлеуден босатылды.

Конференцияда ұлттық кәсіподақтардың пандемиядан туындаған экономикалық дағдарысты еңсеру бойынша іс-әрекеттері, сондай-ақ әлеуметтік диалог, ұлттық лайықты еңбек бағдарламалары, тәжірибе және білім алмасу мәселелері талқыланды.

«ҚРКФ барлық аймақтық кәсіподақ орталықтарында жұмыскерлердің құқықтарының сақталуына күнделікті бақылау жүргізетін «жедел желі» және жедел штабтар құрылды. Жұмыскерлердің бірде-бір өтініші кәсіподақ қолдауынсыз қалмады, оның ішінде кәсіподақ мүшелігімен қамтылмаған жұмыскерлер де бар. Осы уақыт ішінде кәсіподақ ұйымдарына жұмыскерлерден 14 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Пандемия басталғаннан бері азаматтарға жалпы сомасы 500 миллион теңге материалдық көмек көрсетілді», – деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы жұмысшылардың жаппай жұмыстан босатылуына, жалақы мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің, еңбек жағдайының негізсіз нашарлауына жол бермеу, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің жекелеген санаттарына қосымша төлемдер мен үстемеақылар жүйесін реттеу және отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері бойынша әлеуметтік әріптестерге бірқатар үндеулерге бастамашылық етті.

Кәсіподақтар федерациясы елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері 3 шипажай мен 3 қонақүйді коронавируспен күресушілердің мұқтаждығына берді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жалақыны көтеру, оны уақытылы төлеу мәселесі өзекті болып отыр. Кәсіподақтардың бастамасымен 2021-2023 жылдарға арналған қолданыстағы Бас келісімде ХЕҰ-ның 20 конвенциясын, соның ішінде, ХЕҰ-ның № 131 «Дамушы елдерге ерекше назар аудара отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Конвенциясын ратификациялау, Лайықты еңбек тұжырымдамасын іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеу, жалақы жүйесін жетілдіру, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыруды қарастыру, оның жылдық индексациясы мәселелері бекітілген.

«Биыл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялады, оның аясында жалдамалы жұмыскерлердің әл-ауқатын, мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері бойынша өзара іс-әрекеттерін жақсартуға бағытталған кең ауқымды іс-шаралар кешені жоспарланған», – деп атап өтті Гүлнар Жұмагелдиева.

Оның айтуынша, еңбек ұжымдарында тұрақтылықты сақтау үшін Федерация «Еңбек консультациялары» сияқты құралды қолдануды қолға алып, әлеуметтік әріптестіктерді бұл тәжірибені міндетті әлеуметтік әріптестік тетігі ретінде заңнамалық деңгейде бекітуге шақырды.

Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы аппаратының ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Камолиддин Исроилов өзбек кәсіподақтарының тәжірибесімен бөлісті.

«Айта кететін жайт, орталықта да, аймақтарда да кәсіподақ ұйымдарының Республикалық дағдарысқа қарсы комиссияның жұмысына қатысуы еңбекті қорғау мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етудегі жағдайды назарда ұстауға және бақылауға мүмкіндік берді. Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясымен консультациялардан кейін Үкімет салық демалыстары мен несие берешегі бойынша преференцияларды қарастыратын, сондай-ақ коронавирустан ең көп зардап шеккен салаларға бюджеттік несиелер бөлетін бизнес пен кәсіпкерлерді қолдау пакетін бекітті», – деді Камолиддин Исроилов.

Оның айтуынша, республиканың 2,5 миллионнан астам азаматы жұмыссыз қалды, 400 мыңға жуық кәсіпорын коронавирустың салдарынан жұмысын уақытша тоқтатты немесе жұмыс жүктемесін азайтты, 200 мыңнан астам отбасы кедейшілік шегінде қалды.

«Өзбекстанның Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі жанындағы Дағдарысқа қарсы қор кәсіподақтармен кеңесу аясында осы және басқа да мәселелерді шешуге 200 миллиард сум бөлді», – деп қосты Камолиддин Исроилов.

Конференцияның екінші бөлігінде ұлттық кәсіподақ орталықтары әлеуметтік диалог бойынша бағдарламаларын ұсынды.

ҚРКФ Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Сәруар Кенжеболат Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Әлеуметтік әріптестік туралы» ҚР Заңын және Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары туралы ұлттық мәлімдемені әзірлеуге қатысуы туралы, сондай-ақ барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік жүйесін жаңғырту бастамалары, соның ішінде Республикалық үшжақты комиссия және еңбекшілердің мүдделерін қолдау жөніндегі басқа да шаралар туралы айтып өтті.

Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Исмоил Файзизода, ӨКФ аппаратының еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бөлімінің меңгерушісі Махмуджон Исаев, Қырғызстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Рысгүл Бабаева, Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының қоғаммен байланыс және халықаралық қатынастар жөніндегі әлеуметтік-экономикалық бөлімінің жетекшісі Джамшед Юнусов өз елдеріндегі дағдарыстан кейінгі кезеңдегі әлеуметтік диалогты қалыптастыру туралы айтты.

Конференцияның бірінші күнінің қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына барды, онда оларға ҚРКФ фронт-офисі – «Заң клиникасы», Tatylasy Point татуласу орталығы және Bilim Center ҚРКФ Оқу орталығы және жастар коворкинг орталығы таныстырылды.

Форум өз жұмысын 13 мамырда жалғастырады, оның барысында конференцияға қатысушыларға ХЕҰ жұмыскерлер ұйымдарына арналған «Қақтығыстар мен табиғи апаттардан туындайтын дағдарыстармен күресу» оқу-әдістемелік құралы, сондай-ақ «ХЕҰ Көпұлтты компаниялар туралы декларациясы: онда жұмыскерлер үшін не бар? Іске асыру жолдары» ACTRAV нұсқаулығы ұсынылады. Сондай-ақ, ACTRAV/ХЕҰ мен Орталық Азия елдері кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекеттер жоспары қабылданады.

Айта кету керек, бұл конференция Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысы үшін ерекше маңызға ие, өйткені ол ХЕҰ Миссиясының COVID-19 пандемиясымен байланысты шектеулерден кейінгі алғашқы ресми шетелдік сапары аясында өтіп жатыр.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы

http://qaz.infozakon.kz/life/12326-he-aymaty-konferenciyasy-ortaly-aziya-eldern-kspoda-ortalytary-dadarys-saldaryn-zheldetuge-arnalan-brlesken-s-sharalardy-talylady.html