«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ-нің Түркістан облыстық филиалының Атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум өткізу ұсынысы талқыланды.
Облыстық комитеттің төрайымы Күлдар Есебаева мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салып, әр азамат ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік беретін Референдуммен таныстырды. Қазақстан Республикасы азаматының сайлауға қатысуы әркімнің қатысу бостандығы болып табылады. Сонымен қатар, сайлауға қатысу кез келген Қазақстан азаматының азаматтық борышы. Кәсіподақ белсенділерін шешуші сәтте бірге болып, Мемлекет басшысының бастамасына қолдау көрсетуге шақырды.
Сарыағаш аудандық комитетінің төраға орынбасары Рысқұлбек Көпжасаров сөз алып: “Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, республикалық Референдумды ұйымдастыру мен өткізуге белсенділікпен қатысу қажет. Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілетін өзгерістерді таңдау үшін Референдумға қатысу әрбір қазақстандық үшін үлкен жауапкершілік деп түсінемін. Кәсіподақ мүшелерін 5 маусым күні Референдумға дауыс беруге шақырамын”, – деді.
Кәсіподақ көшбасшылары барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарында кездесулер өткізіп, Қазақстан Республикасының Конституциясына ұсынылған өзгерістердің мазмұны мен маңыздылығына түсіндіру жұмыстары жүргізілетіндігін атап өтті.