Ақтөбеде бастауыш кәсіподақ ұйымы референдумға қатысты кездесу ұйымдастырды

Еліміздің жарқын болашағы және тұрмысымыздың жақсаруы үшін алдағы рефендумның маңызы ерекше деп ұғатын металлургтер дөңгелек үстел ұйымдастырды.


«Қазхром «ТҰК» АҚ біріккен кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров Ақтөбе ферроқорытпа зауытының цех кәсіподақ ұйымының төрағалары мен белсенділері және техникалық инспекторларды жинап, Конституцияға енгізілетін түзетулер жөнінде алдағы болатын референдумды талқылады, пікір алмасты.

Басқосу барысында «Қазхром «ТҰК» АҚ біріккен кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілқайыр Сотқаров Ата заңымыз жайлы қысқаша тоқталды.

– Ең маңызды мәселе, Конституцияда 98 бап болса, оның 33-не өзгерістер енеді. Оның ішіндегі Президенттің құзырынан Парламенттің құзыры кеңейіп, орталық өңірлердің құқығы артатын болады. Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет. Басты қағида осы. Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілді. 2 бөлімнің атауы өзгереді. Ең негізгілері – Президенттің өкілеттілігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді. Конституциялық сот құрылады. Осылайша, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері нығаяды, – деп атап өтті.

– Бүкіл қазақстандықтар үшін референдумды ойдағыдай өткізу маңызды шаралардың бірі болып табылады. Конституциялық реформаны жүзеге асыруға тікелей қатыса отырып, мықты Қазақстан үшін, жарқын болашағымыз үшін дауыс бере аламыз. Біз металлургтер 5 маусымда ұсынылып отырған түзетулер бойынша өз пікірлеріңізді білдіріп, өзгерістердің бағыттары бойынша таңдау жасайды деп сенемін, – деді Әбілқайыр Сотқаров.

Дөңгелек үстел басына жиналған металлургтер референдумға байланысты өз ойларын ортаға салды әрі мән-мағынасын талқылады. Кәсіподақ басшысы референдум жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізудің өзектілігіне аса мән берді.