Өзекті мәселелер қаралған кездесу өтті

Павлодар облыстық Кәсіподақтар үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Магеррам Магеррамов және  Гаухар Нұғманова өнеркәсіп салаларының, жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесті. Іс-шараға «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Т.Жайлин қатысты.

Депутаттарды қарсы ала отырып, Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Д.Айтжанова өңірдегі Кәсіподақтар бірлестіктерінің қызметі, әлеуметтік әріптестікті дамыту, республикалық референдумға қабылдауға ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын түсіндіру бойынша еңбек ұжымдарымен кездесулер туралы, еңбек дауларын медиация және келіссөздер жолымен шешу, келісім комиссиясы мүшелерін оқытуды ұйымдастыру бойынша Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығының жұмысы туралы айтып берді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Магеррамов жүргізіліп жатқан конституциялық реформа және оның бағыттары, Қазақстан Республикасы Конституциясының 33 бабына түзетулер енгізу, суперпрезиденттік модельден қуатты парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау механизмін күшейту, Қазақстан Республикасында Конституциялық Сотты, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді құру туралы айтып берді.

Қазақстанның саяси өміріндегі басты тақырып – бүкілхалықтық референдумға арналған кездесу 2022 жылғы 5 маусымда референдумның өткізілуін жаңа Қазақстанның дамуындағы тарихи, тағдыршешті маңызы, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көрінісі ретінде айқындады.