Сатыбалды Дәулеталин: «Референдум – халық үшін ел болашағын айқындайтын бірегей мүмкіндік»

Бүгін, 18 мамырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының референдумды қоғамдық қолдау Республикалық штабының отырысы өтті.

Отырысты ашқан ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасының Конституциясына ұсынылып отырған өзгерістер туралы еңбеккерлерді хабардар етудегі, азаматтардың санасында ел болашағы үшін жауапкершілікті күшейтудегі кәсіподақ қозғалысының басты рөлін атап өтті.

«Алдағы референдум – еліміз үшін маңызды қадам. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын ірі қоғамдық ұйым ретінде мемлекеттік саясатты қалыптастыруда халықтың еркін білдіруге бағытталған тәуелсіз жалпыхалықтық дауыс беруді өткізуге мүдделі. Референдум – халық үшін ел болашағын айқындайтын бірегей мүмкіндік екенін бәріміз түсінеміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы атап өткендей, Конституция – билік пен халық арасындағы келісім.

«Мемлекет басшысы атынан билік бұл қадамды халық өз еркін толыққанды білдіру мүмкіндігін алуы үшін, сол арқылы ең маңызды демократиялық құндылықтардың – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының дамуына жаңа серпін беруі үшін жасады. Бұл – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы үлкен қадам», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, ағымдағы жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ мүшелеріне арналған Үндеуінде өзінің нақты ұстанымын анықтап, онда халықты ұсынылып отырған конституциялық реформалар туралы дұрыс ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстарының басталғаны туралы хабарлады.

6 мамырда Кәсіподақтар федерациясында Республикалық штаб, ал барлық облыстарда оның аймақтық өкілдіктері өз жұмысын бастады.

Штаб қызметін тиімді үйлестіру мақсатында кәсіподақ көшбасшыларының барлық саладағы еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізуді көздейтін бірыңғай жұмыс жоспары бекітілді.

Бүгін онлайн отырысқа қатысушылар штабтардың бірқатар жұмыстарын қорытындылап, еңбек ұжымдарында конституциялық реформаны түсіндіру бойынша алдағы іс-шараларды белгіледі.

Республикалық штаб пен оның филиалдары республика бойынша барлығы 2 мыңға жуық ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізеді.

Аймақтық штаб жетекшісі, Павлодар облысының кәсіподақ орталығының төрағасы Динара Айтжанованың айтуынша, аймақтық штаб басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, теңгерімді ақпараттық саясат жүргізуде, облыс тұрғындарын ақпараттық тренингтермен  қамтуды кеңейтуде.

Референдумды қоғамдық қолдау Қарағанды ​​аймақтық штабының төрағасы, Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков реформаны түсіндіру жұмыстарына атсалысып қана қоймай, сондай-ақ, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының қызметі аясында кәсіподақтардан бақылаушылар штабын ұйымдастыру туралы бастама көтерді.

Алматы аймақтық штабының жетекшісі, Кәсіподақ орталығының төрағасы Зәуреш Өмірбаева әріптестеріне жоспарланған 200 іс-шараның 40-ы өткізіліп, 3,5 мыңға жуық кәсіподақ мүшелері қамтылғанын айтты. Алматы қаласының бастауыш кәсіподақ ұйымдарында күн сайын 13-ке дейін іс-шара өткізілуде.

ҚРКФ Референдумды қолдау республикалық штабының жетекшісі, ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев өңірлік штабтар арасындағы ақпарат алмасудың маңыздылығына тоқталды.

«Кәсіподақ мүшелері – әртүрлі мамандық иелерін тарта отырып, аймақтық штабтардың қызметі кәсіподақ ұйымдарының еңбек ұжымдарымен тиімді жұмысының көрсеткіші болып табылады. Алдағы екі апта ішінде біз бұл жұмысқа Федерацияның барлық 16 мың бастауыш кәсіподақ ұйымының өкілдерін тартуды көздеп отырмыз», – деп жоспарлармен бөлісті Нұрлан Өтешев.

Әріптестеріне белсенді түсіндіру жұмыстары үшін алғыс айта отырып, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин конституциялық өзгерістер бойынша кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін кәсіподақтардың барлық диалог алаңдарын, соның ішінде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесулерді қолдану қажеттігін атап өтті.

«Кәсіподақтар – құрамында әр саланың жұмыскерлері бар ең демократиялық ұйым. Кәсіподақ көшбасшыларының міндеті – әрбір кәсіподақ мүшесіне конституциялық өзгерістер бойынша шешім қабылдауда азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын жеткізу. Еліміздің болашағы қандай таңдау жасайтынымызға байланысты», – деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.

 

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы