«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайлары мен жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері – ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері заң жобасына бірқатар түзетулер енгізді.
Сенат депутаттары жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында Еңбек кодексінің 190-бабының 2-тармағына жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы тараптардың сабақтас жауаптылығы мәселелерін алып тастайтын түзету енгізуге бастамашы болды. Осыған дейін заң жобасын қарау барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы осындай ұсыныс айтқан болатын.
Еске салайық, Еңбек кодексінің аталған нормасының қолданыстағы редакциясында «Егер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия өрескел абайсыздық зиянның туындауына немесе оның ұлғаюына себеп болғандығын анықтаса, онда комиссия тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданады және жұмыскер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындайды» деп көрсетілген.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Еңбек кодексінде еңбек шарты тараптарының кінәсінің дәрежесін анықтау механизмі ашылмаған. Жұмыскер үшін маңызды мәселенің шешімі жазатайым оқиғаларды тергеу жөніндегі комиссияның қарауында.
Жұмыс тобының мүшесі, ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Тимур Нұғмановтың айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың басым көпшілігінде келтірілген зиян үшін жауапкершілік жұмыскердің өзіне жүктеледі.
«2021 жылдың өзінде еңбек міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына зиян келген 1465 жұмыскердің 31%-ында сабақтас жауапкершілік нормалары қолданылған, яғни, зардап шеккен жұмыскерлердің үштен бірі кінәлі деп танылды. Нәтижесінде жұмыскердің алатын өтемақы мөлшері өте төмен болып шықты», – деді Тимур Нұғманов.
Сонымен қатар, шет мемлекеттердің заңнамасын салыстырмалы құқықтық талдау олардың құқықтық жүйелерінде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға кезінде жұмыс беруші мен жұмыскердің сабақтас жауапкершілігі туралы нормалардың жоқтығын көрсетеді. Мұндай нормалар кейбір ТМД елдерінің заңнамасында ғана бар.
Бұл түзету жұмыс тобы мүшелерінің көпшілігінің қолдауына ие болып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары тарапынан қолдау тапты.
Бұл ретте ұсынылып отырған норманы түпкілікті қабылдау көп жағдайда Заң жобасын одан әрі қарау кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметіндегі әлеуметтік әріптестердің ұстанымдарына байланысты болады.
Еске салайық, жұмыс тобының құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, басқа да министрліктер мен ведомстволардың, аймақтық еңбек инспекцияларының, «Атамекен» ҰКП-ның, басқа да жұмыс берушілер бірлестіктерінің өкілдері, жұмыскерлер тарапынан – Кәсіподақтар федерациясының және оның салалық мүше ұйымдарының өкілдері кірді.
Кәсіподақтар федерациясының осы бағыттағы еңбек құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасуда.
ҚРКФ медиаорталығы