Egemen Qazaqstan: “Еңбек адамы қорғаусыз қалмайды”

Елордада Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) қолдауымен Орталық Азия кәсіподақтарына арналған «Инклюзивтілік, орнықтылық және өміршеңдік – дағдарыстың салдарын жеңілдетуге арналған кәсіподақтар саясаты» тақырыбында екі күндік аймақтық конференция ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.

Конференция жұмысына ХЕҰ/ACTRAV Еңбеккерлер қызметі бюро­сы­ның директоры Мария Хелена Андре, ХЕҰ/ACTRAV Еуропа және Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі Сер­гиус Гловацкас, еңбеккерлермен жұ­мыс бойынша аға маман Гоча Алек­сандрия, сондай-ақ Қазақстан, Өзбек­стан, Тә­жік­стан және Қырғызстан кәсіпо­дақ­тары федерацияларының өкілдері қатысты.

– Жаһанды жайлаған пандемия ке­зінде әлемдегі барлық кәсіподақ қиын әлеу­меттік-экономикалық жағ­дай­да қыз­мет етті. Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты жарияланған төтенше жағдай мен одан кейінгі пандемия кезінде Кәсіподақтар федерациясы азаматтарымызды қолдаудың барлық шарасын қабылдады. Кәсіподақтар федера­циясының барлық өңірлік орта­лығында жұмысшылардың құқығы бұзыл­мауын қадағалайтын жедел желі ұйым­дастырылып, жедел штаб құрылды. Жұмысшылардан 14 мыңнан астам өті­ніш келіп түсті. Соның 85%-дан астамы оң шешімін тапты. Кәсіподақтар федерациясы коронавируспен күресушілерге, дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, вахта жұмысшыларына 3 қонақүй мен 3 санаторий ұсынды. Пандемия басталған кезде Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдар азаматтарға 500 млн теңгеден астам сомаға материалдық көмек көрсетті. Кәсіподақтар федерация­сы әлеуметтік серіктестеріне адамдарды жаппай жұмыстан босатпау, жалақы берешегін болдырмау, әлеуметтік аударымдарды доғармау, жұмыс жағдайын негізсіз ушықтырмау мәселесіне қатысты бірнеше үндеу жолдады. Кәсіподақтар федерациясының бірқатар үндеуі білім беру, денсаулық сақтау жүйелеріндегі жекелеген жұмысшылар категориясына үстеме жалақы төлеу және отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау жүйесін реттеуге қатысты болды. Кәсіподақтар федерациясының бастамасы Үкімет тарапынан қолдау тапты, – деді еліміздегі Кәсіподақтар феде­ра­­ция­сы­ның төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

Конференция барысында жаһандық еңбек нарығы қарқынының қалпына келуі, індеттің еңбек саласындағы кері салдары – жұмыссыздық, ішінара жұ­мыс­пен қамтылу, еңбек құқықтарын қам­­тамасыз ету және тұрғындарды әлеу­мет­тік қорғау шаралары сынды маңызды мәсе­лелер талқыланды.

– COVID-19 пандемиясы адамзат баласына тұтқиылдан тап берді десе де болады. Бірде-бір мемлекет бұған дайын емес еді. Мен ол кезде Тәжікстандағы Нурек қаласының басшысы едім. Сол кезде шаһар дәрігерлері коронавируспен жанқиярлық ерлікпен, қаһармандықпен күрескенін көрдім. Әлемді әбігерге салған пандемияны адамзаттың ақыл-ойымен жеңіп келеміз. Алайда коронавирус жайлаған қиын-қыстау кезеңнің өзінде хат-хабар алысып, хал сұрасып, онлайн режімде жиі жүздесіп тұрдық. Мемлекеттерімізде орын алып жатқан жағдайлардан хабардар болып отырдық. Ал енді бүгін Нұр-Сұлтан қаласында бетпе-бет кездесіп, пікір алмасып, тә­жірибе алмасудың сәті түсті, – деді Тәжікстанның тәуелсіз кәсіподақтар фе­де­рациясының төрағасы Маликшо Нематзода.

Конференция жұмысына қатысу­шылар пандемиядан кейінгі кезеңде әлеуметтік-еңбек саласын тұрақтандыру іс-шараларын талқылап, ACTRAV/ХЕҰ-мен ынтымақтастық бойынша бірлескен ұсыныстар әзірледі. Орталық Азия елде­рін­дегі кәсіподақ орталықтарының пан­демия кезінде еңбеккерлердің құқық­тары мен мүдделерін қорғау бойынша қыз­меттері туралы мәліметтерімен бө­лісті.

– Биыл 6 сәуірде Қырғыз Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының есеп беру-сайлау жөніндегі XXV съезі өтті. Сол съезде Кәсіподақтар Федерациясының бұған дейінгі жылдардағы қызметі қо­ры­тындыланды. Сонымен қатар жұмыс­шылардың құқығы мен мүдде­сін қорғаудың басым бағыттары айқындал­ды. Қоғамдағы әлеуметтік диалогтың рөлін арттырудың маңызы сөз болды. Кәсіподақтар федерациясының жаңа төрағасы ретінде Эмиль Кызаев сайланды. Жуырда Министрлер кабинеті төра­ғасының орынбасары Эдиль Байса­лов Кәсіподақтар федерациясының жаңа төрағасымен жүздесті. Кездесу кезінде Э.Байсалов кәсіподақтар жүйесі еліміздегі оң өзгерістердің дамуында маңызды рөл атқаратынын жеткізіп, кә­сіподақ тиімді әлеуметтік серіктес бола­тынына сенім білдірді, – деді Қырғыз Республикасы Кәсіподақтар федерация­сы төрағасының орынбасары Рысгүл Бабаева.

Ал аймақтық кәсіподақтар фору­мы­ның қорытынды күнінде ACTRAV/ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Сергеюс Гловацкас қатысушыларға ХЕҰ-ның жұмыскерлер ұйымдарына арналған «Қақтығыстар мен табиғи апаттардан туындайтын дағдарыстармен күресу» оқу-әдістемелік құралын таныстырды. Ол Орталық Азия аймағы тұрғындарының алдында тұрған сын-тегеуріндер туралы айта келе, күрделі геосаяси жағдайды, мәжбүрлі көші-қонды ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы әлеуметтік-экономикалық процестерге ықпал ететін табиғи апаттарды да атап өтті. «Мәселен, Тәжікстанға Ауғанс­тан­нан келген 15 мыңнан астам босқын қоныстанды. Бір айта кетерлігі, елдегі кәсіподақ ұйымдары алғашқы көмек көрсету дағдыларын көрсетіп, үйреткен. Бұл – жақсы тәжірибе», деді Сергеюс Гловацкас.

Ал ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша бюросының еңбеккерлер жөніндегі аға маманы Гоча Александрия мұндай жағдайларда әлеуметтік әріптестерді де қатыстыру маңызды деген пікірімен бөлісті.

– Кәсіподақтардың өз ресурстарын пайдалану арқылы босқындарға қол­дау көрсету мәселесімен айналысатыны құптарлық. ХЕҰ оқу құралының ұсы­ныстарына сәйкес (мұндай мәселе­лер­де) әлеуметтік диалог маңызды рөл атқаруы керек. Кәсіподақтар үкімет пен жұмыс берушілерді қатыстыруға тиіс. Бұл көп жағдайда бола бермейді. Кәсіподақтар көмектесуге асығады, процеске әлеуметтік әріптестерді тартпай-ақ өз ресурстарын сарқып жұмсайды. Бұл бағытта да әлеуметтік әріптестік ин­сти­тутын жүзеге асыру қажет, – деді Г.Александрия өкілі.

Аймақтық конференция аясында ұлттық кәсіподақ орталықтары ACTRAV/ХЕҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Оны еліміздегі Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мәлімдеді. Атап айтқанда, аймақтық деңгейде ACTRAV-ның қа­ты­суымен мигранттардың құқықтарын қорғау жөнінде халықаралық, аймақтық конференция өткізу, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің кәсіподақ көшбасшылары үшін қақтығыстарды шешу мәселелері бойынша оқыту семинарларын бірлесіп ұйымдастыру (ACTRAV арқылы) бас­­тамасы әзірленді. Сонымен қатар елі­міз­дің Кәсіподақтар федерациясы ACTRAV Қазақстан Үкіметінің қаты­суы­­мен платформалы жұмыспен қамту бо­йынша (Glovo, Yandex, Wolt) дөңгелек үстел өткізуді және озық халықаралық тә­жіри­бе­лерді ескере отырып, ХЕҰ-мен бір­лесіп еліміздегі Еңбек кодексіне ұсы­ныс­тар пакетін әзірлеуді ұсынды.

https://egemen.kz/article/312322-enhbek-adamy-qorghausyz-qalmaydy