Еліміз егемендікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет болғалы ұлт ұстаздары жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім, саналы тәрбие беруге ден қойып келеді. Жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз жас мамандардың бірі— Қарғалы ауданы, №1 Бадамша орта мектебінің мұғалімі Азамат Ұзақғалиев. Жас педагог аталған білім ордасында 5 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Көкірегі ояу, көзі ашық, ұстаздық жолында тіл жанашыры ретінде өзін көрсетіп жүр. Ол үнемі түрлі олимпиада мен байқауларға қатысып, білімін жетілдіріп отырады.
Еңбек еткен аз ғана уақыттың ішінде өзі де, оқушылары да жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Азамат Амангелдіұлы тек педагогикалық қызметімен шектелмей, қоғамдық шараларға да белсенді қатысады. 2016 жылы аудандық “Кемеңгер Елбасы – ырысы елімнің ” атты сайыста Бас жүлдені жеңіп алды. 2018 жылы “Бақытты ел – Қазақстан” байқауынан ІІ орын иеленді.
«Алдымызға келген әр бала – Қазақстанның болашағы. Оған сапалы, жан-жақты білім беру, отансүйгіштікке және адалдыққа тәрбиелеу – біздің парыз. Осы парызды абыроймен атқарып, ортақ мақсатқа жете білейік», – дейді жас маман.