Мәдениет қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті

«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетов қатысты.

Шара алдында Бердіғали Өмірәлі 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық Референдум төңірегінде сөз қозғап, «Бүгінгі таңда еліміз үлкен өзгерістер алдында тұр. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі еліміздің болашағының дамуы тікелей осы референдумға байланысты болып отыр. Бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдыры үшін маңызды сәт. Сол себепті қазірден елдегі орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс саралап, ой түйіп, немқұрайлылық танытпай алдағы референдумға қатысуға баршаңызды шақырамын», – деді кәсіподақ төрағасы.


Жиын соңы марапаттау рәсімімен жалғасып, Түркістан облысының мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бірқатар кәсіподақ мүшелеріне марапаттар тапсырылды.