Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 5 мамыр күні Ата Заңымызға өзгертулер мен толықтыруларды енгізу туралы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.
Осы Республикалық референдумның маңыздылығын Кәсіподақ мүшелеріне кеңінен түсіндіру мақсатында “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы” Кентау қалалық кәсіподақ комитеті филиалының төраға орынбасары Манат Таукеева Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы орта мектеп КММ-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында кездесу өткізді.
Кездесуде төраға орынбасары елімізде жүргізіліп жатқан саяси өзгерістер Мемлекет басшысының қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне тоқталып, “Бұл өзгерістер негізінен Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік басқаруға қатысу үлесін арттыру үшін жасалуда. Сондықтан да аталмыш өзгерістерді референдум арқылы енгізу көзделіп, ел үшін маңызды мәселелердің барлығы жалпыхалықтық талқылау арқылы шешіледі, осы орайда Президентіміздің бастамаларын қолдап, барлықтарыңызды алдағы Референдумға жұмыла атсалысып қатысуға шақырамын”, – деді.
Кездесу соңында кәсіподақ мүшелері ел өміріне елеулі өзгеріс әкелетін референдумға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, бір кісідей қатысатынын жеткізді.