“YNTYMAQ” кәсіподағы жаңа бастауыш ұйыммен толықты

Қызылордада “YNTYMAQ” кәсіпкерлік жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы жаңа бастауыш ұйыммен толықты. Жалағаш ауданында орналасқан “Өркен Әлем” серіктестігі ұжымымен салалық кәсіподақтың облыстық филиал төрағасы Марат Бәйімбетовтың кездесуі барысында ұжым жұмыскерлері кәсіподақ жүйесі қызметіне зор қызығушылық танытып, бастауыш ұйым құрды. Кәсіпорын арнайы киімдерді дайындау қызметімен айналысады, ұжымда 43 жұмыскер жұмыс жасайды.


Салалық кәсіподақ көшбасшысы Кәсіподақтар федерациясының еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек мүдделерін ілгерілету мақсатында атқарып жатқан жұмыс барысы туралы, кәсіподақтар жұмысының негізгі қағидаттары жайлы әңгімеледі. Сонымен қатар, жұмыскерлерге салалық кәсіподақтың алға қойған мақсат-міндеттері таныстырылды. Осы уақытқа дейін де кәсіподақтармен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесімен еңбек ұжымы кәсіподақ мүшелігіне кіріп, жиналыспен бастауыш ұйымның төрайымын сайлады.

Кездесу қорытындысында бастауыш ұйым мен салалық кәсіподақ арасындағы Келісімге қол қойылды.