Кәсіподақ мүшелері Жаңа Қазақстанды қолдайды

Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Ел тағдырын айқандайтын 5 маусымдағы республикалық референдум талқылаудың басты тақырыбына айналды.


– Біз Жезқазған-Ұлытау аймағындағы ең ірі қоғамдық ұйым ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум өткізу бастамасын қолдай отырып, Жаңа Қазақстанды құру Ата Заңға өзгеріс енгізбей мүмкін емесін жақсы түсінеміз. 18 мамырда ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жариялаған “Референдум – халық үшін ел болашағын айқындайтын бірегей мүмкіндік” атты Үндеуінде: “Кәсіподақ көшбасшыларының міндеті – әрбір кәсіподақ мүшесіне конституциялық өзгерістер бойынша шешім қабылдауда азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын жеткізу” деп бізге зор міндет жүктеді, – деп отырысты ашқан төраға Марат Қоңырбаев референдумның стратегиялық маңызын түсіндіріп, кәсіподақ көшбасшыларына өздеріне қарасты барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмысын үдетуді тапсырды.

Төраға сөзін жалғаған заңгер Дархан Жакыпбекулы өзгеріс енгізілетін Конституцияның 33 бабына жекелей тоқталса, отырысқа онлайн форматта қосылған Асем Айтжанова бүгінде балқаштық ұстаздардың барлығы референдумға қатысып, ой-пі­кірлерін ашық айту, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын маңызды күн екенін білетінін айтып, 5 маусым сайлау учаскесінен табылатынына сендірді.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жаңа Қазақстанды құруға атсалысамыз деген аймақтық кәсіподақтың Атқару комитеті Президенттің 5 мамырдағы #888 Жарлығын қолдау Қаулысын бір ауыздан қабылдады.

Одан әрі Атқару комитетінің мүшелері Сәтбаев, Жезқазған, Қаражал қалалық және Ұлытау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағалары Гульнар Ильясова-ның, Ляззат Кунедилова-ның, Марина Жакупова мен Канат Жылкыбаев-тың заңды тұлғалалардың өтініштерін қарау, құқықықтық көмек берудің жай-күйі, мүшелік базаны нығайту мен атқарылған жұмыстар хақындағы баяндамасын тыңдады. Білім саласы қызметкерлерінің құқығы мен мүддесін қорғау жолында ілкімді істер атқарып жатқан кәсіподақ көшбасшыларының есептерін назарға алып, жұмысына оң баға берді.