Кәсіподақ төрағасы Қарағанды облысының кәсіпкерлерімен кездесті

Республикалық референдумды қоғамдық қолдау штабының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің басшысы, Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы төрағасы Болат Жұмабеков, «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық штабының мүшесі Анвар Осин бизнес құрылымдары өкілдерімен кездесті.


Күн тәртібінде 2022 жылғы 5 маусымда өтетін Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумға шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуы туралы мәселе талқыланды.

Анвар Осин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, негізгі заң – Конституцияға енгізілген түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа тарауды ашып, жаңа Қазақстан – әділ Қазақстанды құруға мүмкіндік беретінін жеткізді!

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген түзетулер кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін, жер қойнауын пайдалану саласының технологиялық және кәсіби деңгейін арттыруға, инвесторларға, жұмыс орындарына жайлы жағдай жасауға және әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға алып келетін Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды сәт болатынына сенім білдірді.

Болат Жұмабеков облыста еліміздің Негізгі заңының ережелерін түсіндіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, азаматтардың өз елінің алдағы тағдыры үшін елеулі жауапкершілігін атап өтті.

Бизнес құрылымдардың өкілдері Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен мұқият танысып, еліміздегі одан әрі демократиялық өзгерістерге қолдау білдіріп, 2022 жылғы 5 маусымда бүкілхалықтық референдумға белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.