«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ қарасты Жастар кеңесі «Кәсіподақ. Жастар. Даму» атты жас педагогтер форумын өткізді. Форум Ертіс ауданының №2 ЖОББ мектебінің қабырғасында өткізілді.
Шара мақсаты – аудандағы жас педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттыру, көшбасшылық қасиеттері бар, жас мұғалімдердің мүдделерін білдіре және қорғай алатын бастамашыл және креативті жас педагогтердің ой-пікір алмасу алаңын құру, белсенді кеңес мүшелерін ынталандыру, жас мамандарды кәсіподақ қозғалысына жұмылдыру.
Шараға Ертіс ауданының түкпір-түкпірінен жиналған жас мамандар қатысты. Форумның ашылу салтанатында Павлодар облыстық білім беру саласы кәсіптік одағының төрайымы төрайымы Г.Науразбаева алғы сөз айтып, кәсіподақ жұмысына шолу жасады. Сөз соңында жас педагогтерді алдағы келе жатқан референдумға атсалысып, азаматтық міндетін атқаруға шақырды.
Форум барысында ауданның жас педагогтері облыстық жастар кеңесінің белсенділерімен танысты. Облыстық Жастар кеңесінен жас педагогтермен жұмыс жасауға кеңес төрайымы, Павлодар қ., №43 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айнұр Абильдинова, Ақсу қ. №4 ЖОМ мұғалімі Фархат Еңсебаев, Павлодар қ. № 36 ЖОМ дене шынықтыру мұғалімі Дмитрий Карпеченко, Павлодар қ. №33 ЖОМ шахмат оқытушысы Нұрғиса Теміржанов, Павлодар қ. №34 инновациялық үлгідегі ЖОМ Алибек Толеуов, Павлодар қ. № 29 ЖОМ музыка мұғалімі Олжас Умаров, Ақтоғай ауданының білім беру бөлімінің қызметкері Павел Тілеу атсалысты.
Жас мамандар 5 фокус тобында жұмыс жасап, өз білімдері мен өнерін ортаға салды. Форум соңында ең белсенді жас педагогтер бағалы сыйлықтарға ие болып, қатысушыларға салтанатты түрде сертификаттар табысталды.