Шымкент мамандандырылған колледжінде референдум маңыздылығы талқыланды

Шымкент қалалық қоғамдық штабтың мүшелері, «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Шымкент қаласының Азаматтық Альянсының» төрағасы Жұмағали Білісбеков, «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова мен Шымкент қалалық маслихат депутаты Нұрғазы Бұхарбаев референдумның маңыздылығын түсіндіру мақсатында Шымкент мамандандырылған колледжінің ұжым қызметкерлері және шәкірттерімен кездесті.


Кездесу барысында қалалық штаб мүшелері елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш рет өткізілетіндігі және оның мақсаты мемлекеттік басқару механизміне өзгерістер енгізуге және саяси, құқықтық жүйені жетілдіруге бағытталғаны туралы сөз қозғады.

Өз кезегінде сөз алған Кәсіподақтар федерациясының республикалық штабтың мүшесі әрі Шымкент қалалық қоғамдық штабтың мүшесі, кәсіподақ көшбасшысы Бауыржан Әлтеев Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі екенін айтты.

«Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Егер халық өзгерістерді қолдаса, біз Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз. Яғни еліміз өзінің саяси дамуының келесі деңгейіне өтеді. Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам», – деді Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев.

Кездесу соңында жиынға қатысушылар өз ықыластарын білдіріп, жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдайтынын және Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құру жолында мемлекетке үлкен сенім артатынын жеткізді.