«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «ҚТЖ «ҰК» АҚ филиалы – «Қырқыншы машиналандырылған жол дистанциясының» еңбек ұжымымен кездесті.
2001 жылы құрылған кәсіпорын жолдың, бағыттамалы бұрмалардың, түйіспе рельстің және жол құрылғыларының жай-күйіне, жол шаруашылығын диагностикалауға бақылауды жүзеге асырады. Теміржолдағы жөндеу жұмыстары ауыр жол машиналары арқылы орындалады.
«Қырқыншы машиналандырылған жол дистанциясында» 523 адам жұмыс істейді, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері.
Кәсіпорынның бастауыш кәсіподақ ұйымы «ҚАЗКӨЛІККӘСІП» теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрамына кіреді.
Кәсіподақ комитетінің төрағасы Оразалы Ерубаев осы салада 21 жыл еңбек етіп келе жатқанын, оның 10 жылдан астам уақыт бойы қызметінен босатылған төраға екенін айтты.
Кәсіпорында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін «ҚТЖ «ҰК» АҚ мен оның еңбек ұжымы арасында 2021-2023 жылдарға арналған Ұжымдық шарт әрекет етеді.
Кәсіподақ жұмысшылардың еңбек жағдайына ерекше көңіл бөледі. Аталған жол дистанциясында қабылданған шаралардың арқасында өткен жылы еңбекті қорғауды бұзу фактілері анықталмады, қызметкерлер арнайы киіммен толық қамтамасыз етілген.
Кәсіподақ қаражаты есебінен жұмысшыларға арналған 23 вагон кондиционерлермен, тоңазытқыштармен, қысқа толқынды пештермен және электр шәйнектермен жабдықталған.
Кәсіподақ комитетінің басым бағыттарының бірі жұмыскерлердің салауатты өмір салтын қолдау болып табылады. Спорттық қызығушылықты дамыту үшін шағын футбол мен волейболға арналған спорт алаңы салынды, сондай-ақ үстел теннисімен айналысуға арналған бөлме жабдықталған.
Нұр-Сұлтан қалалық Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов бастауыш кәсіподақ ұйымының үйлесімді жұмысы мен белсенділігін атап өтті.
«Филиал ұжымы 2019 және 2021 жылдары еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша салалық конкурста 1-орынға ие болды. Өткен жылы кәсіподақ ұйымы «Кәсіподақтың үздік бастауыш ұйымы» салалық конкурсында I орын алып, «2021 жылдың Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» республикалық байқау-конкурсының жеңімпазы атанды», – деп атап өтті Төлеген Күнәділов.
«ҚАЗКӨЛІККӘСІП» салалық кәсіподағының «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев қарапайым жұмысшылардың өзекті мәселелерін шешуде ҚРКФ «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының уақтылы және нәтижелі екеніне тоқталды.
«Мұндай кездесулер еліміздің барлық салалары мен өңірлерінің кәсіпорындарындағы өзекті әлеуметтік-еңбек проблемаларды ашып көрсетуге көмектеседі», – деді Серік Сәрсекеев.
Ол сондай-ақ апта сайын «Астана» филиалы бастауыш кәсіподақ ұйымдары қызметінің ағымдағы мәселелерін қарастыратын кәсіподақ комитеттері төрағаларының отырыстарын өткізетінін хабарлады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев кәсіподақ комитетінің төрағасына еңбек ұжымына жауапкершілікпен қарағаны үшін алғыс айтып, кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестіктің үлгілі тәжірибесін атап өтті.
Өз сөзінде ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары алдағы референдумның маңыздылығына тоқталды.
«5 маусымда Қазақстанда республикалық референдум өтеді, оның қорытындысы бойынша Конституцияға түзетулерді одан әрі қабылдау мәселесі айқындалады. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік билік жүйесін өзгертуге бағытталған және азаматтардың құқықтарын нығайтуға көбірек мүмкіндіктер береді. Бұл бірінші кезекте Конституциялық сот құру бастамасы. Азаматтардың конституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндігі болатыны өте маңызды. Бүгінде қазақстандықтардың мұндай мүмкіндігі жоқ», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.
Ол жұмыскерлерді белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетуге және дауыс беру арқылы өз еріктерін білдіруге шақырды.
Мұхтар Тінікеев атап өткендей, Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдары мемлекеттің маңызды саяси оқиғаларына белсенді қатысуы керек.
«Бүгінде Кәсіподақтар федерациясы – ең бұқаралық қоғамдық ұйым, оның қатарында 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 2 миллионға жуық еңбеккер бар», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейінде қызметкерлердің мүдделерін ілгерілетуге ерекше назар аударады.
«2021 жылдың 12 наурызында Үкімет, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды. Бас келісімнің нормаларын әзірлеуге алғаш рет республикалық кәсіподақтардың барлық 3 бірлестігі қатысты. Бүгін біз еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін жұмыла қорғаймыз. Біз жаңа Бас келісімге еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі нормаларды және қызметкерлердің қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға бағытталған басқа да маңызды нормаларды енгізе алдық. Кәсіподақтардың бастамасы бойынша еліміздің көптеген өңірлеріндегі үшжақты комиссияларды тікелей облыс әкімдері басқарады», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.
Мұхтар Тінікеев жұмыскерлерге еңбекақы төлеу мәселелеріне ерекше назар аударды. Ол көптеген еңбек дауларының негізгі себебі жалақының төмен деңгейі болып табылатынын атап өтті.
«Өткен жылы елімізде 79 еңбек дауы орын алды. Бұл ретте тек 31 кәсіпорында кәсіподақ ұйымдары болды. Осыған қарамастан кәсіподақтар барлық келіссөз процестеріне қатысты», – деді Мұхтар Тінікеев.
Атап өтілгендей, кәсіподақтар әлеуметтік әріптестіктің барлық алаңдарында ең төменгі жалақы деңгейін арттыру қажеттілігі туралы мәлімдеді.
«Біз үнемі ең төменгі жалақыны көтеруді талап етеміз. ХЕҰ Кейтц индексін бекітті, оған сәйкес ең төменгі жалақы орташа жалақының 50%-ын құрауы керек. Егер бүгінгі таңда Қазақстанда орташа жалақы 275 мың теңгені құраса, онда ең төменгі жалақы 137 мың теңгені құрауы тиіс. Кәсіподақтар федерациясы бұл мәселені Үкімет алдында одан әрі көтеретін болады», – деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, ол ҚРКФ-ның халықаралық ынтымақтастық саласындағы маңызды жетістіктері туралы айтып берді.
«Мамыр айының басында Қазақстанға жұмыс сапарымен Халықаралық еңбек ұйымының тікелей байланыс миссиясы келді. Сапар аясында миссия өкілдері Алматы, Атырау және Қарағанды облыстарын аралады, сондай-ақ Орталық Азия елдері кәсіподақтарының өңірлік конференциясына қатысты. Миссия мүшелері Кәсіподақтар федерациясының қызметін жоғары бағалады. Халықаралық әріптестер ҚР Кәсіподақтар федерациясы жұмысындағы демократиялық тәсілдердің дамуын, соның ішінде Кәсіподақтар федерациясы қызметкерлерінің қатарынан төрағаны сайлау мәселесінде қолдайды», – деп толықтырды Мұхтар Тінікеев.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары жол машиналарын жөндеу цехында және кәсіпорынның басқа да нысандарында болды.