Балалар жылы және Әлеуметтік әріптестік жылына орай 1 маусым «Балаларды қорғау күні» және 5 маусым – Бүкілхалықтық референдум алдында Наурызбай ауданының білім ұйымдарында түрлі кездесулер өткізілуде.
Солардың бірі – №157 және №187 жалпы білім беру мекемелерінде, №176 мектеп-гимназияда өткен көпшілік қауыммен кездесулер. Оларда биылғы 2022 жылдың еліміз Президентінің пәрменімен «Балалар жылы» және ҚР Кәсіподақтар федерациясының жариялауы бойынша «Әлеуметтік әріптестік» жылы болуына байланысты осы бағыттарда жыл бойы түрлі бағыттағы шаралар өткізіліп келе жатқандығы айтылды. Сәуір айын түгел қамти өткен «Ұстаз» Алматы қалалық жергілікті кәсіптік одағы ұйымдастырған «Жаңарған Қазақстан – балалар көзімен» атты суретші балалар көрмесі, осы айда Алматы қаласы Білім басқармасы ұйымдастыруымен өтіп жаткан «Алматы БАЛАFEST» балалар фестивалі осының айғағы. Ұстаз еңбегі бала жетістігімен бірге көрініп бағалануда.
Осы шаралар топтамасы «Балаларды қорғау күні» қарсаңында қорытындыланып, одан әрі 4 маусым күні ұстаздар «Ел рәміздерінің 30 жылдығы» құрметіне орай ұйымдастырылып жатқан веложарысқа қатыспақ.
5 маусым – Бүкілхалықтық референдум күні. Ел өзіндегі болар саяси өзгеріске «иә», немесе «жоқ» деп өз пікірін білдірмекші. Ата заңымыздың 33 бабы бойынша күтіліп отырған 56 өзгеріс атап айтылып, таныстырылып келеді. Еліміздің басқару жүйесінің «суперпрезиденттік» жолдан «президенттікке» ауысуы басты өзгеріс болмақшы. Барлық өзгерістер мен толықтырулар қоғам талабынан туындаған, сондықтан да қызу қолдау табуда.
Ел Конституциясына енгізілген өзгерістердің маңыздылығы қоғамымызға өзгеріс әкеліп, Жаңа Қазақстанды құруға игі ықпалын тигізеді деп сенеміз. Конституциялық өзгерістер бойынша 5 маусымда өтетін референдумға бір кісідей ат салысуға, түсіндіру жұмыстарына белсене араласып жүрген Әуезов ауданы білім мекемелеріндегі кәсіподақ мүшелерінің белсенділері №119 мектеп- лицейінің бастауыш кәсіподақ төрағасы Ақылбек Темешов пен №121 жалпы білім беретін мектептің кәсіподақ төрайымы Макпал Чокина қарқынды жұмыс жасауда, және «Жаңа Қазақстан» үшін дауыс беруге шақыруда.