KIOSH-2022: ҚРКФ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша бірқатар бастамаларды ұсынды

Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандық Iteca көрме компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі KIOSH-2022 Х қазақстандық халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, еліміздің ірі жұмыс берушілерінің өкілдері, еңбекті қорғау саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар қатысуда.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов құттықтау сөзінде еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау шараларының рөлі мен әлеуметтік саясаттың маңыздылығы ұдайы артып келе жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы Үкімет 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Биылғы жылы Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын бекітті. Осылайша, мемлекеттік деңгейде қауіпсіз еңбектің, еңбек жағдайын жақсартудың және еңбек ресурстарын сақтаудың басымдығы жарияланып, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейіндегі қызметтің негізгі бағыттары белгіленді», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

«Трансформация дәуіріндегі еңбекті қорғау: әлеуметтік әл-ауқатты қамтамасыз етудің жаһандық шешімдері» тақырыбындағы стратегиялық сессияның негізгі спикерлерінің бірі – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Федерацияның елдегі өндірістік жарақаттану жағдайы бойынша жүргізген талдау нәтижелерін келтірді. Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын өндірісте жарақат алған жұмыскерлердің саны 1500 адамға жетеді, 200 адам қаза болады.

«Біздің мәлімет бойынша, өндірістік кәсіпорындардың құрал-жабдықтарының 60 пайызы ескірген және тозған. Өткен ғасырдағы техниканы пайдалана отырып, 21 ғасырда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау туралы айту мүмкін емес. Себеп-салдарлық байланыстарды талдауға сәйкес, өндірістік жарақаттар еңбек жағдайлары мен гигиеналық нормалардың қанағаттанарлықсыз болуының салдары болып табылады. Бұл талаптарды қамтамасыз ету – жұмыс берушінің міндеті. Егер жұмыс беруші заң талаптарына сәйкес кәсіптік тәуекелді толық бағалап, оны барынша азайту және жою шараларын қолданса, өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмауға болады. Біздің статистика бойынша, адам өліміне әкелген жазатайым оқиғалардың 70 пайызында жұмыс берушінің кінәсі анықталған. Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының талдауы бойынша өндірістік жарақаттар жағдайы кәсіподақ ұйымдары жоқ кәсіпорындарда жиі кездеседі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Осы орайда ҚРКФ төрағасы бірқатар бастамаларды ұсынды. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибені басшылыққа ала отырып, Кәсіподақтар федерациясы еңбек заңнамасына өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс топтары аясында жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде тараптардың кінәсінің дәрежесін анықтауды алып тастауға бастамашы болды. Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, қазір кінәлілерді іздемей, өндірістік жарақаттың себептерін анықтауға көшу маңызды және әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып кемшіліктерді жою қажет.

«Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлардың жұмысы аясында қоғамдық бақылауды күшейтуге басты назар аударады. Осыған байланысты Федерация жұмыс тобының қарауына техникалық инспекторлардың өкілеттіктерін заңнамалық тұрғыдан бекіту, сондай-ақ мемлекеттік еңбек инспекциясы аясында мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша ұсыныс енгізді», – деді ҚРКФ төрағасы.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі кәсіпорындарда 16 мыңға жуық өндірістік кеңес жұмыс істейді, оның 12 мыңы кәсіподақтардың қатысуымен құрылған. Сатыбалды Дәулеталин жұмыс берушілер алдында сөйлеген сөзінде еліміздегі барлық кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құру қажеттігін айтты.

«Әлеуметтік диалог мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмыскерлердің өзара мүдделерін ілгерілетудің ең маңызды құралы болып табылады. Барлық өткір мәселелерді біздің әлеуметтік әріптестік аясындағы келіссөздер арқылы шешу оңайырақ және тиімдірек», – деп түйіндеді ҚРКФ төрағасы.

Стратегиялық сессияның келесі спикері – ЕО-ХЕҰ жобасының менеджері (Халықаралық еңбек ұйымы) Антонио Сантос Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамаларын қолдап, Қазақстанда ХЕҰ конвенцияларын ратификациялаудың маңыздылығын атап өтті.

Конференцияның стратегиялық сессиясының жұмысын қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚРКФ бастамаларын қолдайтынын және әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыс аясында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың ұлттық стандарттарын жетілдіру жалғасатынын атап өтті.

ҚРКФ медиаорталығы