Еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғасуда

Референдум қарсаңында бастауыш кәсіподақ ұйымдарында түсіндіру, пікір алмасу жұмыстары белсенді жүруде. Жуырда осындай кездесу облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Олар «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Ақтөбе облыстық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері.

Жиынды ашқан Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бұл референдумның ел, жалпы қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.

«Бұл – Жаңа Қазақстанға бет алған мемлекетіміздегі саяси реформалар жасаудың батыл және байыпты бір қадамы іспетті шара. Басты Заңымызға енгізілетін елеулі өзгерістер нәтижесінде Парламенттің өкілеттігі артып, сондай-ақ елді басқару ісіне халықтың қатысу, араласу мүмкіндігі ұлғаятыны байқалып отыр. Сондай-ақ, зайырлы өркениетке тән құбылыс – азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру көзделуде», – деп атап өтті.

Сондай-ақ, Жем локомотив пайдалану депосында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұхтар Жұмағазиев пен Бауыржан Қаниев  бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен  кездесу өткізді. Кездесу барысында сенаторлар референдум туралы түсініктеме беріп, жұмыскерлердің мұң-мұқтажын және пікірлерін тыңдады.

Жиында референдумға қатысты тың ойлар айтылып, депутаттар Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өрбіді. Ұжым қызметкерлері елдің саяси өміріндегі өзгерістерден хабардар екенін және Президент бастамаларынан оң өзгеріс, үлкен үміт күтіп отырғандарын жеткізді.