Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген кәсіподақ мүшелерімен кездесті

Президент Қ.К.Тоқаевтың жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген Жамбыл облыстық «Кәсіподақ үйіңде» кәсіподақ мүшелерімен кездесті.


Паламент Мәжілісінің депутаты кәсіподақ мүшелеріне алда келе жатқан рефердумды қолдаудағы ақпараттық-насихаттық жұмыстармен таныстырып шықты.

«Референдумда саяси жүйені түбегейлі өзгерту, супер президенттік басқарудан күшті парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу, саяси партияларға мүмкіндіктер беру, Сенат пен Мәжілістің, мәслихаттың депутаттарын сайлауды саяси бәсекелестік негізінде жүргізу, жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту, халықтың әлеуметтік, құқықтық жағынан қорғалуы секілді қордаланған мәселелер қарастырылады», – деп атап өтті Мейрамбек Төлепберген.

Конституцияға енетін саяси реформалық өзгерістердің барлығы мемлекеттің дамуына бетбұрыс жасайды.

«Осындай республикамыздың тарихында болып жатқан маңызды кезеңде болашағымыз үшін жұдырықтай жұмылатын уақыт жетті. Әділдік салтанат құратын уақыт алыс емес. Сондықтан, елім деген әр азаматты осындай берекелі істі қолдауға шақырамын. Түзетулер сіз бен біз қолдасақ қана енгізілмек. Туған жер үшін, ел үшін, болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан бастамаға бірге атсалысайық», – деп аяқтады депутат сөзін.

Кездесу соңында кәсіподақ мүшелерімен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдай отырып, сұрақтарына жауап берді.