Еліміздің Ата заңына түзетулер топтамасын енгізуге қатысты жалпыхалықтық референдум өтпек. Осы тарихи бастаманы қолдау мақсатында «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Ермек Қаңлыбаев «Шымкент қызмет» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, насихат жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында Ермек Қаңлыбаев референдум өткізу – демократиялық дамудың жаңа көрінісі екендігін, референдум арқылы мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа жүйесіне көшу жүзеге асырылатындығын атап өтті. Сондай-ақ, елге оң өзгеріс әкелуге септігін тигізетін, еліміздің Конституциясына енгізіліп жатқан түзетулерді қолдап, маңызды күні науқанға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу барысында серіктестік қызметкерлері мемлекет басшысының Конституцияға ұсынылатын түзетулерді референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс беруге шығару туралы шешімін азаматтардың болашаққа және әділ қоғамға деген сенімін ақтайтын, арттыратын дұрыс қадам екенін жақсы қабылдап қолдайтындықтарын және Қазақстан азаматы ретінде белсенді қатысатындықтарын жеткізді.
Биыл мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін жалпыхалықтық референдумды қолдау бойынша «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы, өңірлік штабтың мүшесі Айнұр Бекасанова референдумның маңыздылығын түсіндіру мақсатында Қаратау ауданының жастарымен кездесті. Ол халыққа ұсынылып отырған Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыратынына және алдағы уақытта әлеуметтік әділеттіліктің орнауына жол ашатынын айтып, жастарды алдағы науқаннан қалыс қалмауға шақырды.
Кездесуде сөз алған спикерлер еліміздегі Конституциялық реформалар бойынша референдум өткізу Президенттің саяси реформаларын жүзеге асырудың бір сатысы. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған» деген Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына тоқталып, Референдумда дауыс берген әрбір азамат еліміздің жаңа тарихының парақтарының ашылуына, Жаңа Қазақстанның әр кірпішінің берік қалана бастауына өз үлесін қосатындығын жеткізді.