Кәсіподақ өкілдері жалпыхалықтық референдумға біркісідей қатысуға шақырды

Қолданыстағы Ата Заңымыздың 33 бабына өзгеріс енгізілуі туралы мәселе өте ауқымды екенін ескере отырып, Мемлекет басшысы республикалық референдум туралы заңның 18 бабына сәйкес, алдағы маусымның 5-і күні референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Конституциялық реформалар стратегиялық болғандықтан халықтың қолдауы аса қажет екендігі де түсінікті. Референдум – дауыс берудің ең демократиялық түрі әрі тікелей халықтың еркін білдіреді, ел пікірімен санасудың ең жоғары сатысы.

Жақында Атырау облысының шалғайдағы Құрманғазы ауданының Еңбекші, Мақаш, Орлы ауылдық округтерінде Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Атырау облысы филиалының бастауыш ұйымдары – «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Құрманғазы ауданыдық филиалы және аудандық аумақтық инспекция мамандарының, кәсіподақтар белсенділерінің қатысымен өткен жиында да Жаңа Қазақстандың болашақ дамуы мен өркендеуіне зор ықпалын тигізетін референдумның маңызы туралы жан-жақты сөз болды.


Онда сөйлеушілер суперпрезиденттік басқарудан біртіндеп арылып, ықпалды Парламент мәртебесін көтеру және Президенттің жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге тыйым салу жөніндегі әділдік сипат бар екендігін, сондай-ақ, еліміздің сайлау жүйесінде аралас жүйенің ұсынылуы ел арасында қызығушылық тудырып отырғандығын баса айтып, дауыс беру құқығы бар азаматтарды референдумға біркісіден қатысуға шақырды.