Әр ата-ана бауыр еті баласының дені сау болып туып, қатарынан кем қалмай өсуін тілейді. Ал балалардың өмірге ерекше болып келуі кім-кімге де ауыр соққы. Баласы қандай күйге душар болса да, жүрегі езіліп тұратын қайран ата-ана жүрегі-ай дейсің мұндайда. Қамкөңіл жандар қашан да жүрегін жылытатын жұбаныш іздейді. Бүгінде аса күтімді қажет ететін ерекше балалардың қатары азаяр емес.
Кәсіподақтар үйінде «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы РҚБ Қызылорда облысы филиалы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің мүмкіндігі шектеулі он алты жасқа дейінгі балалары үшін тосын сый жасады.
Іс-шара барысында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазылов, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары М.Бәйімбетов балаларға жылы лебіз сөзін айтып, құттықтады.
Облыстық филиал төрағасы А.Аблайханұлы өз сөзінде Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған «Балалар жылы» аясында ерекше балалар мен олардың ата-аналары үшін арнайы шара ұйымдастырып отырғанын жеткізді. Жиырма мыңдай кәсіподақ мүшесін біріктіретін салалық кәсіподақ бірлестігі бастауыш ұйымдардың келісімімен қала мен өңір аудандарында медицина саласында еңбек ете жүріп, мүгедек ерекше бала бағатын 20 ата-ананың әрқайсысына материалдық көмек ретінде 100 мың теңгенің сертификаты және тәтті сусындар табыс етіліп, ойыншықтар берілді.
Шараға қатысқан ерекше балалар сүйікті мультфильмдері кейіпкерлерінің костюмдерін киген аниматорлар ойындарына мәз-мейрам болып, өздері де бірге өнерлерін көрсетті. Мерекелік шараға жиналған ата-аналар бір-бірімен әңгімелесіп, шер тарқатты. Кез-келген бала, соның ішінде аса күтімді қажет ететін бала да қоғам мен адамның көмегіне, қамқорлыққа қашан да зәру екендігі аңғарылды.