Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы ғимаратының мәжіліс залында аумақтық кәсіподақтар бірлестігі басшысының төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ұсынған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының KIOSH-2022 Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі Х Қазақстандық Халықаралық конференциясында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша бастамаларын негізге алып жұмыс жасау, үшжақты комиссия отырыстары шешімдерінің орындалуы, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ғы кәсіподақ мүшелерінің жұмыссыз қалу ытималдығы мәселелері қаралды.
Мәжілісте сөз алған Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Әлтеев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Дәулеталин мен төраға орынбасары М.Тінікеевтің KIOSH-2022 Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі Х Қазақстандық Халықаралық конференцияда жарияланған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талдау нәтижелеріне тоқталды.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Кәсіподақтар федерациясының осы талдау негізделген бастамаларын комиссия мүшелерінің назарына жеткізді. Осыдан кейін кәсіподақтар бірлестігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпаратпен бөлісті.
Келесі кезекте Үшжақты комиссия шешімдерінің орындалуы талқыланып, осы мәселе бойынша комиссия мүшелерінің баяндамалары тыңдалып, тиісті нұсқамалар берілді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша сөз алған Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы «ЛТД тұрмыс» ЖШС-дағы кәсіподақ мүшелерінің жағдайы туралы мәселені үшжақты комиссияның отырысына арнайы енгізілгенін және мәселені шұғыл шешу қажеттігін айтты. Бірлестік төрағасының сөзінше қала аумағында көптеген жылдан бері тазалау және көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын серіктестіктің 800-ге жуық кәсіподақ мүшесі бүгінгі күні жұмыссыз қалу алдында тұр. Кәсіпорын жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiне еніп кетуіне байланысты биылғы жылы мемлекеттік сатып алуға қатыса алмаған, осының салдарынан жұмысшыларға жалақы төлеуде қиындықтар туындаған. Қала аумағындағы тазалау және көгалдандыру жұмыстарына мемлекеттік сатып алуды өзге компаниялар жеңіп алған. Бүгінгі күні кәсіпорынның 400-дей жұмысшысы өз еріктерінен жұмыстан босату туралы арыз жазып, олардың жартысы конкурсты жеңіп алған компанияларға жұмысқа орналасуға ниет білдірген. Алайда бұл компаниялардың өкілдері мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа алмайтынын мәлімдеген. Бірлестік төрағасы «ЛТД тұрмыс» ЖШС-дағы жағдай кәсіподақтың бақылауында екендігі айта келе, комиссия мүшелерін жұмысшылардың құқықтарын қорғап, оларды жұмысқа орналасуға ықпал етуге шақырды.
Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлері салалық кәсіподағы қалалық филиалының төрағасы А.Манахов кәсіпорындағы қазіргі жағдай туралы баяндап өтті.
Осы мәселені талқылау барысында мемлекеттік сатып алуды жеңіп алған компаниялардың басшылығы жұмыссыз қалған азаматтарды жұмысқа қабылдау, оларды арнайы киіммен, жұмыс орнына көлікпен алып бару, дер кезінде жалақы төлеу, әлеуметтік және салық төлемдерін тиісті түрде аударып отыру жөнінде жергілікті атқарушы органның талабын қабылдағаны белгілі болды. Айта кетерлігі «ЛТД тұрмыс» ЖШС-да жұмысшылар 70 мың теңге көлемінде жалақы алып, еңбек етуге жағдайлар талапқа сай жасалынбаған болса, енді олардың жалақысы 140 мың теңгені құрап, жұмыс беруші тарапынан еңбек етуге лайықты жағдайлар жасалынатын болады.
Жиын қорытындысы бойынша комиссия тарапынан мемлекеттік сатып алуды жеңіп алған компаниялардың басшылығымен жұмыс жүргізіп, жұмыссыз қалған кәсіподақ мүшелерін оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарды түгел жұмысқа қабылдауға ықпал ету туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, комиссияның шешіміне осы мекемелерде кәсіподақ ұйымын ашу, жалпы қала аумағында тазалау және көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын кәсіпорындардың 4 мыңдай жұмысшыларын кәсіподаққа мүшелікке тарту мәселесі де енді.