«Балалы үй – базар», – дейді дана қазақ халқы. Әлемнің әр түпкірінде балаларды қорғау күнін әртүрлі атап өтеді. Мысалы, Испанияда балаларды қорғау күні 5 қаңтар болып белгіленген. Ал, Швейцарияда ер балаларды қорғау күні 7 тамызға, қыз балаларды қорғау күні 13 желтоқсанға сәйкес келіп, салтанатты түрде атап өтіледі. Жапонияда болса, бұл күн жылына үш рет, 3 наурыз, 5 мамыр және 15 қарашада кең көлемде тойланады. 1949 жылғы Халықаралық әйелдер федерациясының сессиясында 1 маусым балаларды қорғау күні ретінде бекітіліп, 1950 жылдан бастап дүниежүзі халықтары бұл күнді ерекше мерекеге айналдырды. Осы күннің негізгі мақсаты – балаларды зорлық-зомбылықтан, соғыстан қорғау, денсаулықтарына қамқор болып, олардың білім алуына қолайлы жағдай жасау.
Құлағанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы мен оның Сәтбаев, Жезқазған, Балқаш пен Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Шет, Ұлытау мен Ақтоғай аудандарындағы филиалдары да 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін ерекше атап өтті. Мереке таң шапағымен таласа әр өңірде мерекелік бағдарламамен бастау алып, соңы ойындармен, эстафеталық жарыстармен, шығармашылық байқаулармен жалғасын тапты.
Атап айтар болсақ, Балқаш қаласындағы кәсіподақ көшбасшысы Әсем Айтжанова ұйытқы болған мерекеде жас ерекшеліктеріне сәйкес өткен «Бақытты балалық шақ», «Қауіпсіз жаз», «Жаңа Қазақстан балалар көзімен» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Көңілді старт» ойынымен Қаражал қаласының балғындарын еліктірген Марина Жакупова мүмкіндігі шектеулі балаларды қуантуды да ұмытпады. Ерекше балалары бар кәсіподақ мүшелеріне қарайласуды парызы санайтын Гүлнәр Ілиясова 21 баланы қуанышқа кенелтті.
Қамқорлық десе ішкен асын жерге қоятын Шет аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы 2 оқушыға велосипед сыйлады. Жезқазған гуманитарлық колледж қызметкерлерінің балаларына есте қаларлық мереке ұйымдастырған Рыскүл Түсіпназарова «OINA» ойын-сауық орталығында шоу-бағдарламаға тарсырыс берді. Жаңаарқалық балғындарды таза ауада серпілткен, ақтоғайлықтарды «Толағай» ойынында сайыстырған, ұлытаулықтарға асфальтқа сурет салғызған мерекеде өрендерге естелік сыйлықтармен бірге тәттілер үлестірілді.