1 маусым – «Халықаралық балалар күні» мерекесіне орай «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрамындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Бала күлкісі-әлемнің күлкісі» атты бүлдіршіндерге арналған мерекелік шара өтті. Айтулы мереке күні – балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін күн. Салтанатты шараға «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры м.а. Спанов Бақтияр, бастауыш кәсіподақ ұйымның мүшелері, жас бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары қатысты.
Мерекелік концертпен басталған шарада әуезді ән шырқалып, ең кішкентай қонақтар үшін түрлі ойындар мен конкурстар ұйымдастырылды. Шарада сөз алған Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев жиналған жұртшылыққа мерекеге орай жылы лебізін жеткізіп, балғындарды мерекесімен құттықтады.
Қай халықтың болмасын, елдігін, салт-дәстүрін, ата-мекенін болашаққа апаратын бүгінгі жас ұрпағы демекші, бүгінгі салтанатты жиында сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды, салт –дәстүрімізді өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында тұсау кесер рәсімі өткізілді. Бұл ғұрыпты дәріптеу мақсатында алдымен орталықта қызмет жасайтын бастауыш кәсіподақ мүшесінің баласының тұсауы кесілді. Мерекелік шарада арнайы дайындалып келген қала тұрғынынан Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевке өтініш түсті, ол өзінің Құралбек Раяна есімді қызының тұсауын кесіп беруді өтінді. Төраға өтінішке оң жауап беріп, көпшілік алдында балақайдың тұсауын кесті. Содан соң бата беріп, балаға еліміздің лайықты азаматшасы болуды тіледі.
Тұсаукесерден соң, концерттік бағдарлама жалғасын тауып, асық ойыны, ләңгі тебу, білектесу, асау мәстек, арқан тартыс, бестас ойындары бойынша сайыстары өтіп, жеңімпаздарға сыйлықтар тарту етіледі. Одан бөлек, жас буын өкілі «Дәстүр тізбегі» атты тақырыптық экскурсияны тамашалап, мерекелік шарадан ерекше көңіл-күйде тарқасты.
Айта кетейік, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы – «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымы. Бүгінде бастауыш ұйымында 36 кәсіподақ мүшесі бар. Бастауыш кәсіподақ ұйымның төрағасы – Дүйсебек Қалмұрзаев.