Женевадағы еңбек конференциясы: ХЕҰ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қызметін қолдайды

Женевада Халықаралық еңбек конференциясы аясында Стандарттарды белгілеу комитетінің отырысында ХЕҰ 87 Конвенциясына қатысты Қазақстан бойынша кейс қаралды.


Қазақстандық делегациядан Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Жұмыс берушілер конфедерациясының бас директоры Айдос Әбіханов сөз сөйледі.
Ақмәди Сарбасов кездесуге қатысушыларды Халықаралық еңбек ұйымының 87 конвенциясын қолдану процедурасы бойынша комитеттер мен сарапшылардың ұсынымдары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің жүргізіп жатқан жұмыстары туралы хабардар етті. Еңбек министрлігінің өкілі еңбек және кәсіподақ заңнамасын жетілдіру жұмыстары мен жақында ратификацияланған 175 конвенция туралы айтты.


Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз баяндамасында Кәсіподақтар федерациясы Қазақстанда ХЕҰ қағидаттары мен стандарттарын, оның ішінде заңнамалық бастамалар арқылы алға бастыру және қолдану үшін бар күш-жігерін салып жатқанын атап өтті. ҚРКФ төрағасының айтуынша, кәсіподақтардың бастамасымен Үкіметке ХЕҰ стандарттарын қолдану бойынша комитеттер мен сарапшылардың ескертулерін жоюға қатысты 2020 жылдың мамырында қабылданған заңда көрініс тапқан ұсыныстар әзірленіп, енгізілді. Атап айтқанда:
– кәсіподақтардың жоғары тұрған кәсіподақ бірлестіктеріне міндетті мүшелігін алып тастау;
– халықаралық ынтымақтастықты және қаржыландыруды қамтамасыз ету;
– кәсіподақтарды мемлекеттік тіркеу кезінде олардың мәртебесін растау шарттарын жеңілдету.


Қазіргі уақытта Кәсіподақтар федерациясы бұл норманы одан әрі жетілдіруге, атап айтқанда кәсіподақтарды тіркеудің хабарлама тәртібіне көшуге бастамашылық етуде. Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, бұл бастама Үкімет тарапынан қолдау тауып отыр.
«Сонымен қатар, қазіргі уақытта біз жұмыскерлердің талаптарын қою және ереуілдер жариялау тәртібін жеңілдету, келісім комиссиялары мен еңбек арбитражының институтын , сондай-ақ кәсіподақтардың еңбек дауларын шешудегі рөлін күшейту бөлігінде еңбек және кәсіподақ заңнамасын одан әрі жетілдіру бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұл ұсыныстар Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясының отырысында қаралып, алдағы уақытта заң жобасы ел Парламентінің қарауына жіберілетін болады», – деді ҚРКФ төрағасы әріптестеріне.
Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясының өкілдері жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайлары мен еңбек құқықтарын қорғау туралы заң жобасына бірқатар ұсыныстар енгізген. Кәсіподақтар федерациясы ұсынған түзетулердің ішінде еңбекақыны индексациялау, артық жұмыс істегені үшін, мереке және демалыс күндерінде еңбекақыны көтеру, жазатайым оқиға кезінде аралас жауапкершілікті алып тастау және т.б. нормаларды атады.
Кәсіподақтар федерациясы ынтымақтастықты нығайту және халықаралық нормаларды алға бастыру, сондай-ақ елдің жаңа Лайықты еңбек бағдарламасын әзірлеу бойынша ХЕҰ Еңбеккерлер бюросының техникалық көмегі аясында жұмысты жалғастыруға ниетті.
«Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамының, кәсіподақ ұйымдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету үшін әлеуметтік әріптестермен сындарлы диалогты әрқашан қолдаған және қолдайтын болады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы делегациясының ACTRAV Еңбеккерлер қызметі бюросының директоры Мария Хелена Андремен кездесуі барысында Қазақстанның әлеуметтік-еңбек саласындағы оң өзгерістер атап өтілді. Ол Федерация қызметінде болып жатқан демократиялық өзгерістерді, соның ішінде Мария Хелена Андренің айтуынша, аймақ елдері үшін үлгі болып табылатын ҚРКФ төрағасын сайлауды тағы да атап өтті. Кездесу соңында ACTRAV Еңбеккерлер қызметі бюросының директоры Халықаралық еңбек ұйымы тарапынан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына қолдау көрсетілетініне сендірді.


Еске салайық, ағымдағы жылдың 11-13 мамырында Мария Хелена Андре Қазақстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, онда ХЕҰ Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп ұйымдастырған Орталық Азия елдері кәсіподақтарының «Инклюзивтілік, орнықтылық және өміршеңдік – дағдарыс салдарын жеңілдетуге арналған кәсіподақ саясаты» атты аймақтық конференциясына қатысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы