Ақтөбеде мұнайгаз саласының ардагерлері еңбек дауларының алдын-алуға үлес қоспақ

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінде ұзақ жылдар бойы мұнайгаз саласында еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан еңбек ардагерлері бас қосты.


Кездесу аясында өңірдегі ірі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қарасты мекемелерде кезінде еңбек еткен ардагерлер бүгінде еңбек дауларының алдын-алу мақсатында келіссөздер жүргізуге белсене атсалысуды ұйғарып отыр. Оларға бүгінде санаторий-курортқа баруға берілетін жеңілдіктер мүлдем алынып тасталғанын, олардың басын біріктіретін кеңестің жоқтығын айтты. Осы мәселелерді кәсіподақ ұжымдық шарт аясында шешуге ықпал етсе деген ұсыныстарын ортаға салды.

Қазіргі таңда ел экономикасының жетекші мұнайгаз саласын кезінде биік тұғырға шығарған 60-80 жылдары жаңа кен орындарын ашуға және игеруге бар күш-жігерін жұмсаған зейнеттегі мұнайшы-ардагерлердің айтары біраз. Оларға осы кезге дейін мекеме ай сайын азғантай әлеуметтік төлем төлеп келген, қазір ол да жұмыс беруші тарапынан тоқтап қалған.
Олар өңірде мұнайшы-ардагерлердің материалдық жағдайларын жақсартуға мүмкіндік туғызу жайын қарастыруды, ардагерлерді мерейтойларымен құттықтау шараларын ұйымдастыру, ардагер немесе олардың жақын туысы қайтыс болған жағдайда 15-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсету, жылына бір рет денсаулықтарын нығайту үшін санаторийға жолдама беру, екі жылда бір рет тістерін емдеу, ардагерлер кеңесін құру, зейнеткерлікке шыққан кезде ардагерлерді құрметтеп шығарып салу т.б. мәселелерін шешуге атсалысуды сұрады.

Аталған жұмыстарды бірлесе реттеп, оның орындалуын іске асыру үшін өз араларынан белсенді азамат, кеңес төрағасы ретінде Боранбай Абдулланы сайлады.

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев өз кезегінде оларға зейнет жасындағы мұнайшы еңбек ардагерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымын құрудың артықшылықтары туралы айтып, ұжымдық шарт аясында әлеуметтік әріптестік арқылы жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге оң ықпал ететінін жеткізді.