«Қостанай облысының кәсіподақ орталығы» АКБ қоғамдық қабылдауының Заң клиникасына «Д» деген азамат жүгінді.
Жұмыс берушінің оның кәсіпорында жұмыс істеген 3 жыл ішінде еңбек демалысын бермеуі өтініш беруге негіз болды. “Д” азаматы 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейін жыл сайынғы еңбек демалысы берілмейтінін түсіндірді. Кәсіпорын басшысы әртүрлі сылтаулармен жыл сайынғы еңбек демалысын беруден бас тартты. Қазіргі уақытта ол бұл кәсіпорында жұмыс істемейді.
«Д» деген азамат сотқа жүгініп, төрт жыл ішінде еңбек демалысын төлеу бойынша қарызды өз пайдасына өндіріп ала алады ма?
Заң клиникасының басшысы Дүйсембі Қарабаев “Д” деген азаматқа сотқа жүгінуге құқылы екенін түсіндірді. Кәсіпорын басшысы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 94-бабының 3-тармағын бұзғандықтан, оған сәйкес пайдаланылмаған жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі жыл бойы бермеуге тыйым салынады.
Бұдан басқа, ҚР ЕК-нің 23-бабы 2-тармағының 16) тармақшасы жұмыс берушінің қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру міндетін көздейді.
Жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік туындайды.
Азаматтарды қабылдау Қостанай қ., Байтұрсынов к-сі, 67, 315 кеңсе мекенжайы бойынша күн сайын жүргізіледі. 54-23-43 телефоны бойынша кеңес алуға немесе қабылдауға жазылуға болады.