«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Тасболат Бекдаулет Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен әкім жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысына қатысты. Басқосу барысында Мұрат Дүйсенбекұлы ел болашағы — жастардың өзекті мәселелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету жұмыстың басым бағыттарының бірі болуы тиіс екенін айтты.
Отырыста қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысын баяндап өтті. Ал, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева жастарды жұмыспен қамту, «NEET санатындағы жастар туралы» тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы баяндады. Сонымен қатар білім басқармасының басшысы 2021-2022 оқу жылында оқушыларды қолдау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Кеңес отырысын қортындылаған Мұрат Әйтенов жастар саясаты мәселелеріне байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
—Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сондықтан жастарды жан-жақты қолдап, өзекті мәселелерін шешіп отыру — біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болуы тиіс. Әсіресе, жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық және нашақорлықтың алдын алу, жастарды жұмыспен қамту іс-шараларын жетілдіруді, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды күшейте түсу керек, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.