Ақтөбе облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев Темір ауданы аумағындағы Көкжиде кенішіндегі «КМК Мұнай » компаниясы АҚ жұмысшыларының жалақыны көтеру туралы өтінішін қарап, олармен кездесу өткізді. Кездесу ашық диалог түрінде өтті. Оған жұмыс беруші тарапынан компанияның вице-президенті Аманкелді Әлкуатов қатысты.
Жұмысшылар жалақы мөлшерін көбейту туралы өтініштерін ортаға салды.
«Біздер еліміздегі азық-түлік бағасының өсуі мен инфляция деңгейіне байланысты қымбатшылыққа орай лайықты еңбекақы талап етеміз, жалақымыздың мөлшерін көбейтуді ұсынып, 140 жұмысшы қол қойып, бас директор Ван Цзиньбаоға хат жолдадық. Өсы өтінішімізді білгіміз келеді, егер мәселе шешімін таппаса облыс әкіміне хат жолдаймыз және одан әрі шешімін таппаса ҚР Премьер-министріне хат жолдау жоспарымызда бар», – деп бастауыш кәсіподақ ұйым мүшелерінің өтінішін жеткізді бастауыш ұйым төрағасы Ержан Елеманов.
Қазіргі таңда жұмыс берушілерге бастауыш ұйым мүшелері мұнайдан түскен, яғни өндірілген өнімнің табысынан түсетін түсімнің жалақыны өсіруге мүмкіндігі жететіндігі туралы толық ақпарат берулерін сұраған болатын. Егер компания тарапынан жетекшілері қаржылық түсімі жалақыны көтеруге жететінін айтып,нақты есебін беріп, түсіндірсе, еңбек дауының туындамауы әбден ықтимал деп көкейіндегі ойларын айтты.
Алайда, жұмыс берушілер тарапынан бұл сауалға жауап мардымсыз болды. Компанияның вице-президенті А.Әлқуатов АҚ жетекшілерінің жұмысшыларға жалақыны биыл көтермейтінін, мәселені тек келер жылдың басында қарайтындықтарын жеткізді.
Ашық диалог түрінде өткен кездесуде мұнайшылар бұған келіспейтіндіктерін айтты. Жұмысшылар жұмыс ауқымының көптігіне, жұмыс күшінің жетіспеушілігіне қарамастан, талпынып еңбек етуде.
«Кәсіподақтың басты мақсаты – әрқашан жұмысшының, еңбек азаматтарының құқығын қорғау. Сондықтан, қазіргі қымбатшылық жағдайында олардың лайықты еңбекақы алуларына заңнама аясында қолдау танытамыз. Бұл мәселені облыстық үшжақты комиссия қарауына ұсынып отырмыз», – деді кездесуді қорытындылаған Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А. Әмірғалиев.