«Қостанай облысының Кәсіподақ орталығы» АКБ қоғамдық қабылдау бөлмесінің заң консультациясына азамат Б. жүгінді.
Еңбек шарты мен бұйрығына сәйкес ол бір лауазымда жұмыс істейді, бірақ оған осы кәсіпорынның инженері тиісті біліктілік пен разрядты қажет ететін қосымша жұмысты орындау міндетін жүктеді. Жалақы бұрын шығарылған бұйрыққа сәйкес төленеді.
Заң консультациясының жетекшісі Дуйсемби Қарабаев азамат Б.-ға бұл жағдайда қоса атқарушылық туралы сөз болып отырғанын түсіндірді. ҚР ЕК-нің 111-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жұмыскердің еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделген өзінің негізгі жұмысымен қатар басқа бос лауазым бойынша қосымша жұмысты орындауы – лауазымдарды қоса атқару болып табылады. Қоса атқарушылық негізгі лауазым бойынша жұмыс уақыты шегінде жүргізіледі. Жұмыс беруші онымен қосымша келісім жасап, жалақы төлеуді жүргізуі тиіс.
Сондай-ақ ҚР ЕК-нің 111-бабының 4-тармағына сәйкес екінші тарапты қосымша жұмыс тоқтағанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар ете отырып, жұмыскердің – қосымша жұмысты орындаудан бас тартуына, ал жұмыс берушінің оны орындау туралы тапсырмасының күшін жоюға құқығы бар.
Тапсырманың мерзімінен бұрын күші жойылған немесе жұмыскер қосымша жұмысты орындаудан бас тартқан кезде жұмыс беруші жұмыскерге жұмыс істеген кезеңі үшін жалақы төлеуге міндетті.
Азамат Б. бірнеше рет әкімшілікке жүгінгенін, бірақ нәтижесіз болғанын айтады. Бұл жағдайда оның келісім комиссиясына жүгінуге құқығы бар. Келісу комиссиясының шешімі орындалмаған, мәселе реттелмеген жағдайда қызметкер сотқа жүгінуге құқылы.
Сонымен қатар, талапкердің өтініші бойынша Қостанай облысының Кәсіподақ орталығы тәуелсіз талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға ретінде әрекет ете алады.
Азаматтарды қабылдау Қостанай қаласы, Байтұрсынов көшесі, 67, 315 кеңсе мекенжайы бойынша күн сайын жүргізіледі. 54-23-43 телефоны бойынша кеңес алуға немесе қабылдауға жазылуға болады.