Еңбекақы берешегін болдырмау – ерекше бақылауда

Елордада Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысында жалақы берешегі және кәсіпорындардағы өндірістік жарақаттану мәселелері қарастырылды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов төрағалық ететін отырысқа ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәуле Нұрғожина, елордалық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Тұрғын үй салумен айналысатын «СП КазГерСтрой» ЖШС 561 жұмыскердің алдында 204 млн теңгені құрайтын жалақы берешегін ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін беріп төлейтін болды.

Ал, «Астана инженер орталығы» ЖШС 2021 жылдың қараша айынан 2022 жылдың сәуір айына дейін 105 жұмысшыға берешек 20 млн теңгені толық өтепті.

Сондай-ақ отырыста «Arabtec Consolidated Contractors Limited» компаниясының өкілі хабарлағандай жұмыс көлеміне байланысты маусым және шілде айларында 1027 адам жұмыстан қысқартылады. Соның ішінде 207-і шетелдік жұмысшылар болып табылады.

Бұдан басқа кәсіпорындардағы өндірістік жарақаттану мәселелері талқыланды. Ағымдағы жылдың 8 маусымында «Stroygood» ЖШС-де жазатайым оқиға орын алып, екі жұмыскер газоблок өндіру цехында қалдықтарды тазалау кезінде жарақат алған. Қазіргі таңда тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілуде.