«DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі төраға Сәкен Катбаевпен бірігіп Жетісай орталық ауруханасы бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасы Аликул Шералиевтің ұйымдастыруымен Түркістан облысы медицина мекемелері арасында спартакиада өтті.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған байрақты бәсекеге 300-ге жуық медицина қызметкері қатысты. Спартакиадада медицина қызметкерлері спорттың 4 түрінен сынға түсті. Атап айтсақ, кіші футбол, волейбол, үстел теннисі, арқан тарту бойынша өзара мықтыларын анықтады.
Сайыс нәтижесі бойынша бірінші орынды «Атакент» Мақтарал аудандық ауруханасы жеңіп алды. Ал екінші орынға «Асықата» Жетісай аудандық ауруханасынан құралған команда ие болса, үшінші орынға «Мырзакент» Мақтарал аудандық ауруханасы жайғасты. Сәкен Арыстанұлы қолдауымен орын алған жүлдегерлерге бағалы сыйлық табыс етілді. Айта кетейік, спартакиаданың мақсаты – жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, медицина мекемелері мен қызметкерлері арасында достық қарым-қатынасты нығайту.