Құрметке лайық жандар ұлықталды

Атырау облыстық аурухананың мәжіліс залында «Senіm» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.


«Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Бұл күн – құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасалуда.

– Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып, ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жандарды алдағы кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын, – деді барша әріптестеріне сөз арнаған Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының «ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығы» директоры, кәсіподақ ардагері Қуаныш Нұрмұханов.

Бұдан соң ол халық алғысын арқалап, денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне Ұлттық медициналық ассоциациясының «Алтын дәрігер» белгісін, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.

Жүрек жарды құттықтау тілегін арнаған «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы төрағасы Майра Кашкенова бір топ кәсіподақ белсендісіне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Еңбек озаты» медалін, «Кәсіподақ үздігі» төсбелгісін және Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.

​Салтанатты шарада облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов салалық кәсіподақтың ұйтқы болуымен медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған спартакиада қорытындысымен жеңіске жеткен командалар мен жекелеген үздік ойыншыларға жүлделерді табыс етті. Футболдан ерлер арасында 1 орынды иеленген №5 Атырау қалалық емханасы командасы кубок пен 150 мың теңгенің, ал 2-3 орындарға қол жеткізген «Смағұл-Дент» ЖШС мен облыстық аурухана командалары тиісінше 100 және 75 мың теңгенің сертификаттарына ие болды.

Тартысқа толы волейболшылар бәсекесінде №7 Атырау қалалық емхананың және Құрманғазы мен Қызылқоға аудандық ауруханалары командаларының мерей үстем болды. Аталған спорт түрлері бойынша үздік деп танылған ойыншылардың әрқайсысына 25 мың теңгенің сыйақысы берілді.

Мерекелік шараға шақырылған арнайы өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, денсаулық сақшыларына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.